Saq.kz Интернет-газеті | Негізгі

Фото: facebook

Сазгерлер сырнайынан саз төгілткен сұлу шаһар

👤Saq.kz 0 коммент. 🕔2021-07-29
Түркітілдес журналистер қорының Өзбекстан Туризм және спорт министрлігімен біріге отырып, Ташкент-Самарқан-Бұқара қалаларына арналған пресс-турының үшінші күні Самарқан қаласына табан тіредік. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін киелі шаһарда туристерді тамсандырарлықтай ғажайып орындар молынан екен. Ақындар мөлдіретіп жыр арнаған, сазгерлер сырнайынан саз төгілткен сұлу шаһар расында көз тойдырарлықтай. Әмір Темірдің қолтаңбасы қалған әсем қалаға сүйсінбеу мүмкін емес. Көк күмбездерін күнге сүйдіріп, алыстан менмұндалап тұрған киелі мекенді апта бойы араласаң да жалықтырмастай. Алыстан ат арытып келген туристердің қарасы қалың. Биылғы жылдың алты айында Самарқанға 4 миллион турист келіпті. Пандемиядан бұрын бұл цифр бұдан да көп болған екен, алдағы уақытта туристердің қатары қалыңдайды деген болжам бар... Самарқанға ат басын бұрғандардың басым бөлігі ең алдымен Әмір Темірдің мавзолейіне соқпай кетпейді. Төрткүл дүниені аузына қаратқан, жарты әлемді жаулап алған атақты Әмір Темір осында жерленген. Көк тіреген күмбездері көз сүйсінткен алып кешеннің аумағында медресе, қоналқа, азан шақыратын мұнара, гүлге көмкерілген алып саябақ бар. Мұнда Әмір Темірдің өзі, ұстазы, отбасы мүшелері мен ізбасарлары жерленген. Одан бөлек, сүйікті жары Бибі ханымның мавзолейі салынған. Жолбастаушымыз Анора Измурадова: «Әмір Темірдің мавзолейінің қарсы бетінде тұрған Көк сарай. Мұнда бұдан бөлек медресе бар. Мавзолейдің іші алтындалған. Негізінде астыңғы қабатта жерленген. Ал үстіңгі қабат зияратшыларға арналған» , - дейді. Әмір Темір мавзолейінің алдындағы аулада көлемдірек көгілдір кесе тұр. Үлкен қазан деуге де болатындай Атақты қолбасшының сарбаздары соғысқа кетер алдында осы ыдыстан бір бір кеседен су ішетін болған. Соғыстан келген соң тағы да осы кеседегі судан ішіпті. Қазандағы судың деңгейіне қарап қанша сарбаздан айырылғанын біліп отырады екен. Ал екінші кішірек кеседе шөптен арнайы шәй қайнатылған. Әмір Темірдің сарбаздарына күш жинау үшін, залалсыздандыру үшін, ағзасын қалпына келтіру үшін арнайы дайындалыпты. Сан бояулы Регистан Бұдан кейінгі ат басын бұрған жеріміз Регистан болды. Жолбастаушымыз Анораның айтуынша ІХ-Х ғасырда дәл осы жерде Арзис өзені болыпты. Арнасы толып аққан өзеннің кейіннен аңқасы кеуіп, тартылып кеткен құсайды. Ол құрғап кеткен соң орнын құм басқан, сол себептен де құм алаңы деп аталыпты. ХV ғасырда мұнда базар салынған. Ұлы Жібек жолының бойында жатқан орынға шеберханалар салынып, қолөнер бұйымдары сатылыпты. ХV ғасырда Самарқанның сол кездегі билеушісі Мырза Улуғбек 1417-1420 жылдар аралығында құрылысын бастап, Шердор медресесін салған. Самарқан қаласының басты символы барыс бейнесі. Сондықтан Шердор медресесінде барыс бейнеленген. Арлы берлі ағылған саудагерлерге арналып қоналқа салыныпты. Үшінші «Тіллә кәри» (Алтынмен апталған) ғимараты бой көтерген. 250 жыл ішінде үш медресе салынған. ХV ғасырда екі нысан, үшінші XVII ғасырда салынып біткен. Мұнда Жалаңтөс Баһадүр бабамыздың ізі қалғанын да мақтанышпен айтуға болады. Үшінші ғимаратты атақты батырымыз салдырған екен. Бұдан бөлек мұнда керуен сарай болған. Осында демалған саудагерлерден түскен салық медреседе оқып жатқан шәкірттерге жұмсалған. Түнде арнайы жарықшамдармен безендіріліп, шоу көрсетіледі. Әуені мен әуезі үйлесім тапқан керемет мекен. Түнгі ғажайыпты тамашалауға ағылғандардың қарасында есеп жоқ. «Самарқан, Самарқан, мой Самарқан...» атты ән құлақтан кетер емес... Гүлжан Көшерова

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш email не будет опубликован. Поля, обозначенные *, обязательны к заполнению.

<=Қыр 2021=>
ЖкДсСсСрБсЖмСн
1

2

3

4

5

7

8

9

10

11

12

13

14

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

27

28

29

30

Галерея