Saq.kz Интернет-газеті | Негізгі

Фото: "Massaget Kz"

Байлықтың көзі балықта...

1581 просм. 👤Saq.kz 1 коммент. 🕔2014-12-18

Бал татыған балық етін тұтынуға қазір кез-келгеннің қалтасы көтере бермейді. Себебі – қымбат. Дүкен сөрелерінде самсап тұрған ысталғаны, тұздалғаны, кептірілгені, қызылы, ағы бәрі бар. Бірақ оның басым бөлігі отандық өнім емес. Бізде балық аулау ғана алда. Ал, оны өсіру, басын көбейту жағы кемшін. Дәрігерлер балық өнімдерін күнделікті тұтынған дұрыс дейді. Алайда қос бүйірден қысқан қымбатшылық оған дес бере ме? Балықтың адам ағзасына пайдалы екенін елдің бәрі біледі. Алайда жегізбесің жегізбес. Форель балығының бір келісі ең арзан дейтін оңтүстіктің өзінде 4 900 теңге тұрады. Ал, «свежий» балығыңның бәсі де төмен емес. Аптаның бір күнін «француз күні» етіп, яғни, тек балық өнімдерін ғана пайдалануға да мүмкіндік жоқ. Себеп... белгілі. Қытайлықтар жылына 42 келі балық жейді екен. Ал, қандастарымыз жылына 4 келіні ғана місе тұтады. Әсіресе оңтүстік облыстар балық өнімдерін тұтыну жөнінен ең төменгі орында. Базарларда сатылып жатқан балықтарды көбіне Шардараның, Бөгеннің балығы дейді. Алайда қаланың айналасындағы сасық сулардан ауланатын біртүрлі жағымсыз иісі бар балықтар да көптеп саудаға түседі. Оның қайдан ауланып, қайдан әкелініп жатқаны қадағаланбайды. Еліміз балыққа кедей емес. Дегенмен... Елімізде балықтың 127 түрі бар екен. Оның 18 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Халықаралық талапқа сай салынған 7 зауыт бар. Сонда да болса ішкі нарықтың өзін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Ұсталған балық пен ысталған балық қайда кетіп жатыр деген сұрақ туындары сөзсіз.  Дүкен сөрелерінде сықасып тұрған қалбырланғаны бар, кептірілгені бар бәрі де өзге елдің өнімдері. «Бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған» Каспийді браконьерлер жаулап алған. Қолға түсіп, жауапқа тартылып жатса да айылын жияр олар жоқ.  Жесең азық, қармақ ұстасаң кәсіп болатын балық шараушылығының күні бітті... деуден аулақпыз. Дегенмен қарыштап дамып кетті деуге де ауыз барыңқырамайды. Пайдасы шашетектен, сатса қырман ақша болатын шаруашылықтың көзін таппай отырған сықылдымыз. Атырау облысы еліміздегі балықтың 60 пайызын өндіреді. Әсіресе сұранысқа ие бекіре тұқымдас ба¬лықтар қоры соңғы 20 жылда күрт азайған, бүгінде тұқымымен құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Ихтиолог мамандардың зерттеуінше балықтар бар болғаны 20-30 жыл ғана тіршілік етеді. Шабақтар тек 10 жылдан кейін ғана уылдырық шаша бастайды. Арнайы ортада өсіріліп, теңізге жіберілген шабақтарды уылдырық шашуға да үлгертпей балық «барымташылары» қынадай қырып барады. Ашкөздіктің салдарынан қымбат та құнды бекіре тұқымдас ба¬лықтар құрып барады. Ресми дерекке сүйенсек, соңғы 3 жылда елімізден  40 тонна бекіре тұқымдас балық, 10 тонна  қара уылдырық шетке шығарылыпты. Балықшылар болса «бұл есеп тура емес, одан да көп» дейді. Талайларға құт болған Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде шетелдік браконьерлер тым тайраңдап кеткен. Олар бекіре балықты түп тамырымен қоса құртуға бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кеткендей. Бүгінде қара уылдырықтың «көлеңкелі бизнесі» 92 пайызға жетіп жығылыпты. Каспий теңізі тек елімізге ғана тиесілі емес, Ресей, Иран, Әзірбай¬жан, Түркіменстан сынды көршілес мемле¬кеттер де байлығын көріп отыр. Олар теңіздегі байлықтарын көздің қарашығындай қорғауға көшкен. Заңсыз балық аулаушыларды қатаң жазалайды. Ал, біздегілер айыппұлмен ғана сытылып кетіп жүр. Айыппұлдың броконьерлікке тиым салуда тұзақ бола алмайтыны анық. Сондай-ақ, елімізде бконьерліктің кең қанат жаюына бар мүмкіндікті жасап қойғандаймыз. Еліміздің аумағында синтетикалық моножіптерден жасалған аулар мен балық аулау құралдарын әкелуге және сатуға тыйым салынған. Соған қарамастан арнайы балықшылар дүкендері мен базарларда мұндай құралдар қаптап тұр. Қалағаныңды шертіп тұрып таңдап алуға мүмкіндік мол. Оның көбісі Қытайдан әкелінеді. Қатаң тиымға қарамастан сатушылар  сауданың көрігін қыздырып отыр. Сондай-ақ, балықтарды өсіріп, көбейтумен айналысатындарға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалуы керек-ақ. АҚШ-та, Францияда, Германияда, Италияда, Жапонияда балық өсірумен айналысатындарға  арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп отырады. Сондықтан да біздегі балықшыларға да ерекше қолдау қажет. Ихтиологтар бүгінде әлемдік тәжірибе бойынша бекіре тұқымдас балықтарды көбейтудің тиімді тәсілін ұсынады. Ол – шабақтарды жасанды жолмен өсіру. Атырау облысында мұндай екі зауыт бар. Осы зауыттарда жыл сайын 7 милли¬он шабақ өсіріліп, Каспий теңізіне жібе¬ріледі. Өкініштісі, әзірге осыған да шүкір деуге тура келеді. Көрші елдердің ширегіне де жетпейді. Ресейде жылына 56 миллион, Иранда 22 миллион, Әзірбайжанда 15 миллион шабақ өсіріледі... Балық өсірумен мақтана алмайтын Жамбыл облысында да биылдан бастап бекіре уылдырығын өндіре бастады. Тұрар Рысқұлов ауданындағы   «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-сінде бекірелерді өсіретін жасанды су айдындары салынды. 

Халит Базаралиев, серіктестік басшысы, облыстық маслихат депутаты: 

- Германиядан бекірелердің шабақтары мен  ересек түрлері әкелінді. Қазір су айдындарында екі жарым мың бекіре шабақтары мен сексен ересек балық мекендейді. Өз өнімімізді саудаға көптеп шығаруды жоспарлап отырмыз. Күзге қарай жамбылдықтар отандық бекіре уылдырығының дәмін тататын болады. 

Балық-жаза 

Браконьерлікпен күресте айыппұл салу бұл қылмыстың алдын алатын¬¬дай шара бола алмасы анық. Бекіре тұқымдас балықты заңсыз аулаумен ұсталғандар көбіне Қылмыстық кодекстің 183-бабы бойынша жазаға тартылады. Бекіре тұқымдас балық¬тар¬ды заңсыз аулау, сақ¬тау, өткізу үшін қа¬таң жаза қарастыру қажет-ақ. 

Балық-анықтама 

Қызыл балық тұ¬қымдарына жататын бекіре (осетр), шоқыр (севрюга), қорытпа (белуга) балықтарының 90 пайызы Каспий мен Азов теңіздерінде шоғырланған. Оның табиғи түрлері тек осы екі теңізде кездеседі. 

Балықтың пайдасы

Балық өнімдерінің ағзаға өте пайдалы екені белгілі. Оның майында Д дәрумені бар. Балық өнімдерін үзбей падаланған адамның көзәйнекпен «достасуы» мүмкін емес. Көру қабілеті өте жоғары болады. Балық етін жемейтіндер үнемі созылмалы ауруларға шалдыққыш келеді.  

 

ПІКІР (1)

  1. 🕔2021-10-30 19:50:58

    MerlesCob

    Комментарий находится на модерации.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш email не будет опубликован. Поля, обозначенные *, обязательны к заполнению.

<=Қаң 2022=>
ЖкДсСсСрБсЖмСн

6

7

8

9

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

27

28

29

30

31

Галерея