Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы миграция тақырыбында зерттеулер жүргізіп, халықаралық және ұлттық жобалар орындап келеді. Үш жыл бойы орындалған «Қазақстандағы қандастар мен мигранттарды ақпараттық қолдау және әлеуметтік бейімдеудің медиа-стратегиясы» жобасы аясында кафедра педагогтары БАҚ өкілдері мен блогерлерге арнап «Қандас және мигранттарға толеранттылық мәдениеті» атты тренинг, «Жаңа Қазақстан жағдайындағы медиа және БАҚ» атты дөңгелек үстел өткізді. Аталған шараларда медиа ортадағы модернизация және инновациялық үдерістердің толеранттылық мәдениетінің қалыптасуына ықпалы талқыланды. Жоба аясында сондай-ақ, «Миграция және трансұлттық әлеуметтік кеңістік», «Медианың бейімделу функциясы контексінде білім беру миграциясын оқшаулау» т.б. зерттеу мақалалары жарияланды, «Қандас және мигранттар туралы ақпараттық материалдар жазу» практикумы жарық көрді. Президент Қ.К.Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Соңғы жылдарда түрлі себепке байланысты бәсеңдеп қалған «қандастар» көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз» — деген еді. Алайда қоғамда көші-қон үдерісіне, қандастардың әлеуметтік жаңдайларына байланысты орын алған мәселе көп. Бұл туралы БАҚ-та жиі жазылып, азаматтық алудың машақаттары, жинайтын құжаттардың көптігі, бәрінің қаржыға келіп тірелетіндігі, арнайы квотамен қоныстандырылған «қандастарға» берілген үйлердің сапасыздығы, несие алудағы қиындықтар тілге тиек етіледі. Тарихи отанына оралған қандас жастардың жоғары оқу орындарында қиындықсыз білім алып, бейімделуі оңай емес. Тілдік, ділдік, психологиялық мәселелер жиі туындайды. Даярлық бөлімдері де азайып кетті. 2000 жылдардың басында дайындық курстарына шетелден жастар көп келетін, қазір олардың саны азайды. Басты себебі, ақпараттың жеткіліксіздігі. Тіпті Қытайды айтпағанда, Өзбекстандағы жастарға да ақпарат қолжетімсіз екен. Бүгінгідей толассыз ақпараттар заманында Өзбекстандағы қазақ жастарының әлеуметтік желілер арқылы да Қазақстан туралы ақпарат ала алмайтыны таңғаларлық жайт. Өзбекстаннан еліміздегі дайындық курстарына қабылданатын жастардың аз болуының басты себебі осы. Еліміздегі дайындық бөлімдерінде оқитын жастардың басым бөлігі Моңғолия, Қытайдан келген. Олар қазақ тілін жақсы білмейді. Сондықтан, дайындық бөлімдеріндегі оқу бағдарламаларын жетілдіріп, күшейту қажет. Бұл орайда кафедра мүшелері шетелдегі қандас жастарды тарту үшін ынталандыратын шаралар ұйымдастырып келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Шыңғысова Н.Т.