Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықованың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыру аясында еліміз экономикасының индустриялық-инновациялық дамуына әйелдердің қатысуын арттыру мәселелері қаралды.Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму министрліктерінің басшылары өздерінің сөйлеген сөздерінде индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында 770 жоба іске қосылғанын атап өтті. Бұл жобаларға 63 мың адам тартылса, оның 18 мыңы (29%) әйелдер. Тұтастай алғанда, әйелдердің еліміздегі ІЖӨ-ге үлесі шамамен 40% жетеді. Ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова әйелдердің ел экономикасындағы санын арттырудың маңызына тоқталып, Халықаралық валюталық қор сарапшыларының пікірінше, «Еңбек нарығына әйелдер барынша көп шыққан сайын, әлемдік ІЖӨ мейілінше өсетін болады. Бір қатар елдерде нәзік жандылар экономиканың өсуін 30%-ке жеделдетуге қабілетті» — екенін атап көрсетті.Отырыста сондай-ақ, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының гендерлік аспектілері, Астана, Алматы қалалары мен облыстар аумақтарын дамыту бағдарламалары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өңір халқының репродуктивті денсаулығын сақтау бойынша қолданылып жатқан шаралары қаралды. Гүлшара Әбдіқалықова халықтың қалыпты өсуін және жалпы өмір сапасын арттыру үшін репродуктивті денсаулықты сақтау мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар «Әйел денсаулығы» атты елордалық медициналық орталықтың жұмыс тәжірибесімен танысты. Орталық жетекшісі, профессор Раушан Рахымжанова Ұлттық комиссия мүшелеріне назарына онкологиялық аурулар рейтингінде әйелдердің жаңадан басталған қатерлі сүт бездері ауруының 1-ші орынға шыққаны туралы аударды. Оның айтуынша, Орталықта әйелдер ауруының репродуктивті кезеңдегі бастапқы диагностикасына қазіргі заманғы сәулелі әдістер қолданылатынын, ол сырқатты дер кезінде анықтап, репродуктивті денсаулықты сақтауға мүмкіндік туғызатынын атап өтті.Талқылау қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия мемлекеттік органдардың орталық және жергілікті органдарына әйелдердің еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына қатысу белсенділігін арттыру, гендерлік теңдікті және халықтың репродуктивті денсаулығын сақтауға қол жеткізуге бағытталған тиісті ұсынымдар әзірледі.