Мұсылман бауырлар!
Сарапшылардың зерттеуінше, «Таблиғи жамағат» деген атау «дін тарату қоғамы» деген мағынаны білдіреді.
Бұл ұйым 1920 жылы Үндістанда құрылған. Олардың мақсаты — «ислам дініне тың серпін беріп, оның ықпалын арттыру». Ұйым мүшелері негізінен миссионерлік бағытта жұмыс жасауға күш салады. Олар әу бастан саясатқа араласпай, бар күштерін мұсылмандардың діни сенімін күшейтуге арнайды.
Азия елдерінде құрамында 10-12 адамы, басқа елдерде 3-5 адамы бар шағын топтарды жасақтау арқылы «Таблиғи жамағат» өкілдері әлемнің барлық бөлігінде дін таратуға тырысады. Арнайы дайындалған уағызшылар насихат жұмыстарын екі тараптан жүргізеді. Олардың бір тобы мешіттерде уағыз жүргізсе, екіншісі ауыл-аймақты аралап, үйлерге кіріп уағыз айтады.
«Таблиғи жамағат» — қатаң тәртіпке негізделген ұйым. Ұйым мүшелері басшыларына (өздері «әмір» деп атайды) қатаң бағынудың арқасында кәсіби уағызшы болып қалыптасады. Ұйымның белсенді мүшелері жыл сайын бір жылдың 40 күнін дінге арнауы тиіс. Олар айдың үш күнін, аптаның екі күнін және тәуліктің екі сағатын да дін ісіне арнауға міндетті.
Дін ғалымдары дінді насихаттап, дағуат айту үшін кем дегенде жеті-сегіз жылдық арнаулы теологиялық білімі болуы қажет деген пікірді айтады. Тіпті бұрынғы сахабалардың заманында ең білімді ғұламасының өзі «менің білмейтінім көп» деген. Ал енді өздерін «дағуатшылармыз» деп жүрген «Таблиғи жамағат» діни ағымының өкілдерінің жеті — сегіз жылдық діни білімі түгілі бір жылдық та білімдері жоқ. Мұндай адамдарға ешқандай дін ғалмы дағуат айтуға, халықты дінге шақыруға рұқсат етпейді. Әрине, бұл ретте өзінің жанұңдағы адамдарға дұрыс бағыт бағдар беру үшін діни білімнің болуы абзал деп есептелінеді. Сондықтан ата-бабаларымыз өз балаларын медресеге бергенде «сүйегі менікі, еті сіздікі» деген аталы әрі өте мағыналы сөйлемді қолданған. Бүгінде Қазақстан Республикасындағы діни білім беру жүйесі қалыптасқан деп айтуға болады. Өйткені, ҚМДБ-ның 9 орта арнаулы медреселер қызмет етеді. Аталған оқу орындары өздерінің лицензияларын ҚР Білім және ғылым министрлігінен алып жұмыс жасайды.
Сонымен бірге «Нұр мүбәрак» Ислам университеті көптеген жылдары бірден бір жоғары оқу орны ретінде өзінің қызметін атқаруда. Демек, еліміздің дін саласында қызмет ететін кәсіби мамандарды аталған оқу орындары дайындайды. Ал енді халықтың діни сауатын ашуға арналған діни сауат ашу курстары еліміздегі көптеген мешіттердің жанынан ашылып қызмет етуде. Сондықтан бүгінде «Таблиғи жамағат» ағымының дағуатына Қазақстан Республикасы мен әлемнің көптеген елдерінде мұқтаждық пен қажеттілік жоқ. Себебі, қазір жалпы халықтың сауаты бар. Яғни арабша оқи алмаса да, қазақ тілінде және өзге тілдердегі діни мазмұндағы әдебиеттерді оқи алады. Сонымен бірге осы тәріздес діни әдебиеттер мен материалдарды ғаламтор желісінен, бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып білуге, аудио-видео материалдарды тыңдауға мүмкіншіліктер де жеткілікті. Осы орайда, таблиғшылар деп жүргендердің тұла бойында «бізден басқа ешкім ислам дінін таратып жүрген жоқ» деп тоқмейілісіп жүрген пиғылы байқалды.
Мұсылман бауырлар!
Арабша «таблиғ» сөзі мағынасы «жеткізу, хабарландыру, ескерту» деген мағыналарды білдіреді. «Таблиғ» жамағаты өздерінің осылай аталу себебін «Сахих Әл-Бұхари» атты хадис кітабындағы Абдұлла ибн Ұмару (р.а.) келтірген хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер»! — деген сөзімен тікелей байланыстырады. Хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «жеткізіңдер», яғни «таблиғ жасаңдар» — деп әмір еткен. Ендеше, Аллаға шақырушы әрбір адам «мүббәллиғ» — «жеткізуші» болып табылады. Міне осыдан біздің жамағатымыз «таблиғ жамағаты», яғни «аяттарды жеткізушілердің жамағаты» деп аталады. Осы атаудың өзі негізі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзінде бар болғандықтан ешқашан бидағат болып саналмайды деп өз уәждерін айтып жатады. Бір қарағанда олардың бұл уәжері қисынды сияқты көрінеді, алайда нақты зерделеп қарағанда олардың шикі тұстары бар екендігі мәлім болады.
1. Хазіреті Абдулла ибн Умардың (р.а.) келтірген хадисі «ұмуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «жеткізіңдер»— деген сөзі жалпылама айтылып, «жеткізу», қажет екендігін аңғартқанмен, «жалғыз өзі жеткізуі керек пе, әлде жамағат болып па», «қандай тәсілмен жеткізу», «қашан жеткізуі», «кімдерге жеткізу» қажет екендігі дәлдеп, таратып айтылмаған. Сондай-ақ, хадисте «аяттарды жеткізуші жамағаттың болуы қажет екендігі» туралы ешқандай нұсқау да, тіпті оған нақты сілтеу болатын мағына да келмеген.Сондықтан, бұл хадис «Таблиғ жамағаты» сияқты жамағаттың болуына шариғи тұрғыдан дәлел бола алмайды.Ал шариғи дәлел болмаған жерде осындай жамағаттың болуы қажет деп тұжырымдау — шариғат тұрғысынан бидағатқа жол ашу болып табылады.
2. Бидағаттар өздерінің болмыстарына қарай екі түрге бөлінеді:
1) Жақсы бидағаттар,
2) Жаман бидағаттар.
Бұл ретте «Таблиғ» жамағатына әрекеті жағынан бидағатына жатады.Себебі, «Әһлүс суннә уәл жамаға» жамағатының басқа жамағаттан болуы Құран мен сүннәнің басты шарттарына қайшы.Өйткені, Құранда «бөлінбеңдер» деген мағынада аяттар келген болса хадистерге Әһлүс сүннә жамағатынан бөлінуді қаралайтын үкімдер келген.Солардың бірі атақты сахаба Абдуллаһ ибн Ұмар (р.а) риуаят еткен сахих хадис, онда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай үкім берген: «Кімде-кім жамағаттан(оның ұстанған шариғатына шеңберіне небәрі) бір елі (тинақтай шетке) шықса (аутқыса) — әлбетте, қайта оралмағанша Исламның(алтын) алқасын мойнынан шешкен (Исламнан шыққан) болады. Сөйтіп, кімде-кім жамағат имамын (оның мазхабын) ұстанбай өмірден өтсе, әлбетте ол жаһилият өлімінен өлген (дүниеден надан халінде өткен) болады. Бұл хадисте баяндалған үкімдерді мына бір хадис одан әрі тереңдете түседі, онда Хузайфа бин Яман (р.а) былай деген: Адамдар Расулұлладан (с.ғ.с) жақсылық туралы сұрайтын, мен болсам одан жамандық туралы сұрамайтын болдым.Сөйтіп, (күндердің бірінде тағы да) сұрадым: Ей, Расулұлла, біздер надандық пен азғындықты(өмір сүріп) едік. Ал енді Алла бізге осы жақсылықты (Ислам дінін) келтірді. Міне енді осы жақсылықтан кейін жамандық (діннен азғындау бола ма? (Расулұлла с.ғ.с.): «Ия»- деді. Мен және сұрадым: «Ол жамандықтан соң жақсылық келе ме? (Расулұлла с.ғ.с): «Ия, дегенмен онда бықсық (жзанбай бықсыған жалынсыздық, жігерсіздік, азғындық)»-деді. «Ондағы бықсық қандай нәрсе»?-дедім. Ол айтты: «Менің сүннетімнен ажырап (түрлі) бидғаттарды ұстанатын қауымдар (пайда) болады және олар менің хидаятымды қойып, азғындағандарға ілесетін болады. Мен тағы да сұрадым: «Ол жақсылықтан соң жамандық келе ме?» (Расулұлла с.ғ.с.): «Ия, (онда) тозақтың есіктеріне қарай шақырушылар (шығады). Кім оларға құлақасса (ілессе оны), оның (тозақтың) ішіне лақтырады (тозаққа түсуіне себепші болады)»-деді. Сонда мен: «Ей, Расулұлла (с.ғ.с), оларды бізге сипаттап берсеңіз екен дедім». Ол: «Жарайды (сипаттайтын), ол адамдар да біз сияқты (адам кейпіндегі) адам (бірақ жүректері шайтанның жүрегі) және олар біздер сияқты сөйлейді (бірақ тозаққа қарай үндейді)»-деді. Мен (тағы) сұрадым: «Я, Расулұлла (с.ғ.с), егер сол жағдай маған кездесе қалса, қандай жол көрсетесіз? Ол айтты: «Саған мұсылмандардың жамағаты мен олардың имамы лазым (яғни, мұсылмандар жамағатын іздеп тауып, олардың имамына ілесуің қажет)! Сонда мен тағы да сұрадым: «Егерде, (ол жерде) мұсылмандар жамағаты да, имамы да табылмаса (Не істеймін)? (Расулұлла с.ғ.с): Ол фирқалардың (адасқан жамағаттарды) бәрінен (тіпті) өмірінің соңына дейін (болса да) бас сауғалап шығып кет! Тіпті ағаштың өзегіне жабысып қалсаң да (тіпті ағаштар мен шөптердің тамырын шайнап, қиыншылықта өмір сүрсең де), сен солай істе»-деді. Түсінік. Бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бірнеше үкімдерді баяндаған:
1. Фитналар етек жайған дәуірлердегі адамдардың жамағатқа қосылуы шарт екендігі.
2. Сол жамағаттың имамына ілесу шарт екендігі.
3. Егер сол елде атеистік көзқарасқа негізделген, дінге мүлдем тыйым салатын тоталитарлық жүйе қалыптасқан болса, ол елден шығып кету қажеттілігі туралы үкім. Хадистегі аса бір мән беретін мәселе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаға: «Саған мұсылмандардың жамағаты мен олардың имамы лазым (яғни, мұсылмандар жамағатын іздеп тауып, олардың имамына ілесуің қажет)»!-деп нұсқау берді. Міне, осы үкімге сай шеттен келген адам жергілікті жамағатқа қосылып, оның имамы ұстанған жолын ұстануы уәжіп. Сондықтан, шеттен келген адам жергілікті имамның ұстанған жолына қайшылық жасауы дұрыс емес. Егер қайшылық жасаса- бүлік шығарған болып табылады. Бұл қағида «Таблиғ жамағаты»ның өкілдеріне де қатысты. Егер бұл қағидаға бойұсынбаса, онда олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) нұсқауларына бойұсынбаған болып табылады. Шариғат үкімдеріне бойұсынудың және жамағаттың ұстанған жолын ұстанудың уәжіп екендігін мына бір хадис те дәлелдейді,онда Абдұллах ибн Ұмар (р.а.): «Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Кімде — кім алла тағаланың тағатынан қолын тартса (Құран мен сүннәнің үкімдеріне бойұсынбаса), онда ақирет күні оның үшін ақталатын ешқандай құжаты болмайды және кімде-кім жамағатқа қарсылық жасап жүріп өмірден өтсе, әлбетте ол адам жаһилият өлімімен дүниеден өтеді» дегенін есіттім» деген. Міне, осы келтірілген хадистерде жергілікті жамағат- «Сәуадүл ағзам» жамағаты болып табылатындығы, сондықтан, оның имамының ұстанған жолын ұстану баршаға бірдей уәжіп болатындығы, оған қайшылық жасау пендені жаһилиятқа ұшырататындығы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) анық нұсқаулар берген. Соған қарамай, өздерін білгіш санайтын кейбіреулер жамағаттың немесе жамағат имамының кейбір істеген амалдарын ұнатпай (сүннәға сай емес деп), өз бетімен (жамағаттың немесе жамағат имамының істегенінен басқаша) жол ұстанғылары, сөйтіп өз ұстанымдарын басқаларға да тықпыштағылары келеді.Сол мақсатта олар мешіт имамдарымен пікірталасқа түседі немесе өздеріне жұрттың назарын аудару үшін, көрсете тұрып қасақана жамағаттың амалдарына қайшы келетін амалдар жасайды. «Таблиғ жамағаты» осындай топтардың қатарына жатады. Олар имамдардың қарсылық жасағандарына қарамай өздері дағуатқа барған елді мекендердегі мешіттерге адамдар жинайды, содан мешіттің имамына емес, өздеріне құлақ астыруға тырысады. Сөйтіп, мешіт жамағатымен немесе олардың имамдарымен пікірталасқа түсіп, кейде текетіреске салынып жатады. Барған елді мекендерінде аралап жүріп дағуат жасайды, олар мұндай дағуаттарын «баян» немесе «хұтба» деп атайды. «Баян» кезінде адамдарды дағуат тыңдауға жинап, оларды бірнеше топқа бөліп, оның әрбіріне жетекші тағайындалады. Сөйтіп, оларға Фатиха сүресі мен бірнеше қысқа сүрелер үйретіледі. Осылайша, бірнеше күн өткеннен кейін, сол адамдарды өздерімен бірге «дағуатқа» шығуға міндеттейді. Бұған олар: «Сапарға шығып дағуат жасау, дағуатшының санасын тәрбиелейді. Сендер енді дағуатшысыңдар,адамдарға ненің халал, ненің харам екендігін түсіндіріп берушісіңдер,адамдардың Исламға келуіне жауаптысыңдар»- деп үгіт жүргізеді. Содан әрбір адам өзінің шамасына қарай олармен бірге 1 күн, яки 3 күн, жылына қырық күн, өмірінде үш ай дағуатқа шығуы қажет болады. Таблиғшылар мұндай дағуатқа шығуды «харуж» дейді. Олар өздерінің ойдан шығарған бұл бидғат істерін құптау үшін «Әлі Имран» сүресінің 100-аятындағы: «Сендер адамдар үшін (яғни, адамдардың арасынан қанша үмбет) шығарылған (болса,сол) үмбеттің ең жақсысы болдыңдар. (Өйткені) сендер Аллаға иман келтіріп,игілікке әмір етесіңдер және мүнкәр істерден тыясыңдар» деген үкімді алға тартып: Міне аятта «Сендер (адамдарды тура жолға шақыру үшін) әмр мағруф жасайсыңдар, (оларды) мүнкәр (тиым салынған) істерден бөгейсіңдер»- делінген. Сондықтан, «біздер дағуатқа шығып адамдарды тура жолға шақыру үшін әмр мағруф жасаймыз және оларды мүнкәр істерден бөгейміз» деп уәж айтпақ болады. Бірақ бұл аят олардың бидғаттарын ақтауға дәлел болмайды. Өйткені,аятта дәл таблиғшылар сияқты бөлек жамағат құру туралы да, немесе 1 күн, яки 3 күн, жылына қырық күн, өмірінде үш ай дағуатқа шығу қажеттілігі жайлы да ешқандай нұсқау берілмеген. Сондай-ақ, дінге дағуат ету, оны елге өз деңгейінде түсіндіре білу кез келген адамның қолынан келе беретін шаруа емес, оған қажетті деңгейде діни сауат керек. Әһлі сунна уал жамағат ғұламалары жоғарыда аталған «бір топ болсын» деген аяттың нақты мағынасын бергенде «бір топ ғалымдар» деп түсіндірме жасаған. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің бір хадисінде «Ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары» деген болатын. Яғни пайғамбарлардан дүние мүлік емес, ілім қалады. Демек, тек діни ілім иелері ғана ислам негіздері мен ақиданың (сенімнің) негіздерін нақты әрі ұғынықты түсіндіруге қабілеті жетеді.Осы орайда, айтар бір жайт, Қазақстан Республикасының азаматы, шетел азаматы және азаматтығы жоқ тұлғалар ҚР Конституциясы және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының нормаларына сәйкес өз балаларын өзінің діні бойынша тәрбиелеуге құқылы. Ал енді өзге адамдарға, яғни көпшілікке дағуатты жасау тек мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер ғана өздерінің ғибадатханаларда (ғимараттарында) және ресми түрде тіркелген миссионерлер жүргізе алады. Бұл заңның нақты талабы. Ал енді шариғаттың талабы бойынша дұрыстыққа қосу және бұрыстықтан тосу тек діни білім иелеріне ғана тиесілі. Себебі, жай қарапайым дұрыстыққа нақты қосу және бұрыстықтан тосудың шарғи негіздерін іс жүзінде құқық тұрғыдан қолдану әдістері мен тәсілдерін біле бермейді. Бүгінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты мешіттердің имамдары мен қызметкерлері еңбек етіп келеді.Сондықтан «Таблиғи жамағат» ағымының мынадай шарғи тұрғыдан қателіктері бар.
1. Жалпы көпшілікке таблиғ (дінді жеткізу) жасау пайғамбарлар мен ғұламалардың және өз заманындағы жеткілікті діни білім иелерінің (яғни мешіт имамдары) міндеті болып табылады.Бұл ретте өз алдына бөлек ағым ретінде аталған міндетті өз бетінше атқаруға құқығы жоқ.
2. Таблиғи жамағат өздерінің құрылуы негіздері мен себептерін Құран Кәрімдегі Әли Имран сүресінің 104-аятын негіз етіп алуы шариғат негіздері бойынша дұрыс емес. Себебі, бұл аяттағы «бір топ» дегенде ғұламалар тобы (мазһаб басшылары, ғалымдары) түсініледі. «Әмр мағруф» деген сөз тіркесі дұрыстыққа шақыру, қосу, әмір беру (мазһаб басшылары, ғалымдары) және «әмр мункар» деген сөз тіркесінен бұрыстықтан тосу, яғни күнә істерден және жат қылықтардан тыю деген мағыналар шығады. Демек, мұндай өте жауапты міндет тек мазһаб басшылары мен өз заманындағы ғалымдар ғана атқара алады. Осы ретте, аталған ағымның ұстанымы «Хизб-ут-тахрир» діни экстремистік ұйымына ұқсас келеді. Өйткені, аталған ұйым өздерінің құрылу негіздерін жоғарыдағы аятпен байланыстырады.
Ал «Таблиғи жамағат» ағымының негізгі саяси-құқықтық қателіктері мынадай мазмұнда болады.
1. Саясатпен еш айналыспаймыз, заңға мойынұсынамыз және имамдарға қарсы шықпаймыз деп айтқанымен, мемлекеттік тіркеуден өтпейді. Яғни заң талаптарын орындамайды және орындамай келді.
2. Қазақстан Республикасында аталған ағымның мүшелері ҚР заңнамасы нормаларын, әсіресе ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің нормаларын бұзу бойынша құқықтық жауаптылыққа тартылған болатын. Тіпті ағымның кейбір мүшелерінің қайталап заң бұзған фактілері кездеседі. Бұл іс-әрекеттер өздерінің болмысын қоғам мен мемлекет алдында жағымсыз түрде көрсетеді.
Мұсылман бауырлар! Мұндай шариғи негізі жоқ және құқық бұзушылық көрінісі бар іс-әрекеттерден аулақ болайық!