Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Кентау қаласына жасаған жұмыс сапары барысында алдымен №5 Жылу орталығында болып, қысқы маусымдағы жылу беру жұмыстарымен танысты. Жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және қосымша электроэнергия өндірумен айналысатын мемлекеттік мекеме 326 көпқабатты тұрғын үй, 2010 жеке үй, 350 коммерциялық нысан және 92 бюджеттік мекемені жылумен қамтамасыз етеді. Мұнда 397 адам жұмыс істейді. Ж.Түймебаев бұдан кейін елімізде электромотор, генератор және трансформатордың 400-ден астам түрін шығаратын Кентау трансформатор зауытын аралап көрді. Кәсіпорын қазіргі таңда шығарып жатқан өнімінің 45 пайызын Орталық Азия елдеріне шығарады. Мемлекет қолдауымен өндірістің қуаттылығы артып, жаңа заманауи технологиялар өндіріліп жатыр. Жоғары кернеулі трансформатор құрастыруға қол жеткізген зауыт өнімдерінің 40 пайызы шет елдерге экспортталуда.Келесі кезекте облыс басшысы барған Кентау қаласының индустриялды аймағында бүгінде жалпы құны 1878,5 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асыру қолға алынған. 4,85 га жер теліміне орналасқан «ЮгЭлектроПривод», «Электродеталь», «Бесқасқа» жауапкершілігі шектеулі серіктестері мен «Е.Ауэзов», «Кенмед» жеке кәсіпкерліктерінде 125 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар облыс әкімі Жастарға қызмет көрсету орталығы орталығында болып, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыстарымен танысты. Мұнда «Жайдарман» КВН лигасымен бірге би, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі үйірмелері, «ОҚЫ» кіші кітапханасы жұмыс істейді. Орталықта жастарға психологиялық және құқықтық кеңес беретін психологтар мен заңгер кеңесшілер де бар. Іссапар соңында Ж.Түймебаевтың төрағалығымен Кентау қаласының әлеуметтік экономикалық даму жағдайы бойынша мәжіліс өтті. Өзекті мәлелелер талқыланған жиында шаһар басшысы Ә.Мақұлбаев пен оның орынбасарларының есеп берді. «Былтыр жоспарланған, жалпы сомасы 900 млн. теңгені құрайтын 3 жобаның бірде біреуі индустрияландыру картасына енгізілмеген. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша қаржыландырылуын ұйымдастыру жоспарланған 18 жобаның 12-і бойынша мәселе шешілмеген. Бұл бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр»-деді Жансейіт Қансейітұлы. Өндірісі дамыған қалада 2015 жылмен салыстырғанда былтыр негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 6,9 млрд. теңгеден 5,8 млрд. теңгеге кеміген. Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру керектігі айтылды. Жұмыспен қамту, денсаулық сақтау салаларындағы жұмыстарды жүйелеп, жетілдіру жүктелді. Қала тазалығына баса мән беру, көпқабатты үйлердің аулаларын, кіреберістерін және инфрақұрылымын реттеу кезек күттірмейтін мәселелер екені айтылды. Тұралап қалған кен өндіру өндірісін қайта жандандыру мүмкіндігін қарастырып, кеншілерді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту міндеттелді. Облыс әкімі жиын соңында 2017 жылға Кентау қаласының әлеуметтік экономикалық жағдайын арттыру мақсатында республика, облыс тарапынан 9 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінгенін жеткізді.
– Аталған қаржы ел игілігіне жарап, Кентау қаласының дамуына серпін береді деп сенемін, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Аталған қаржының 400 млн. теңгесі қаладағы 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысына жұмсалады. 103 млн. теңгесі білім беру саласына қарастырылған. Оның 100 млн. теңгесі Кентау көпсалалы колледжінің 300 орындық жатақхана құрылысын бастауға бөлінді. 541 млн. теңге шаһардың тозығы жеткен ауыз су жүйелерін қайта құру мақсатында 2 нысанның құрылысына, 400 млн. теңге Қарнақ елді мекендегі су құбырларын тартуға бағытталады. 229 млн. теңге «Болашақ», «Батыс», «Жұлдыз» шағынаудандарының инженерлік инфрақұрылымының құрылысын аяқтауға, 195 млн. теңге Бейнеу-Бозай газ құбырынан Кентау қаласын табиғи газ жеткізу мақсатында №14 автоматты газ реттеуші стансасының құрылысын аяқтауға жұмсалады. Сонымен қатар, елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 5 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 103 млн. теңге қарастырылуда. Нәтижесінде, Кентау қаласы мен 7 елді мекендегі 89 мың халық табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.