Ұлттық құндылықтарымыздың бүгінде әлемдік брендтермен құйысқан түйістіріп қатар шаппасына еш әддісі жоқ. Расы осы, қолөнер бұйымдарымыз бұрындары тұсаулы аттай, ауыл-аймақты төңіректеп жүруші еді, бүгінде шоқырақтап желетін ыңғай танытып жүр. Оның ғасырлар тасасында ұмытылып қалып кетпей бүгінге жетуіне аянбай тер төгіп атсалысқан әрине қолөнер шеберлеріміз. Одан қалса қазақы тамыр, ұлттық жады жібермейді деуге де болар. Соның арқасында ұлттық қолөнер бұйымдарымыз бүгінде босағадағы орнын босатып, төрге озды. Ықылым заманнан бүгінгі ғасырға ұмытылмай жетіп, жыл өткен сайын жасарып, жаңаруға бет алғандары көп. Шетелге барып қайтқандардың басым бөлігі сол елден қандай да бір кәдесый ала келеді ғой. Солардың кейбірін көріп сүйсінесің. Сол елдің тарихынан, салт-дәстүрінен сыр шертіп тұрғандай. Бүгінде шүкір елімізде қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық кәдесыйларымыз ұялмай сыйлайтындай дәрежеге жетті. Тіпті зауыттан жаңа шыққандай жұтынып тұр. Көздің жауын алады. Қазақы қуыршақтар, қоржын, түйе сынды ұлттық ою бедерленген кәдесыйлар жетерлік. Бүгінде длада да, қалада да көптеген қазақ отбасыларының төрінен құрақ көрпелер, құрақ тұскиіздер орын ала бастады. Одан бөлек қазақы нақышта бедерленген сандық төрімізде тұрса, астау бүгінде жанып тұрған сәнге айналды. Мақтанарлық-ақ жағдай. Қыз ұзату, келін түсіру тойларында екі жақ бір-біріне құрақтан жасалған, әдемі ою-өрнек салынған әсем қоржындармен жөн-жоралғысын жасайтын болды. Ұлттық бренд болуға сұранып-ақ тұрған құрақ өнері расында шетелдіктердің қызығушылығын оятып отыр. Әрине, дамыған елдің азаматтарын қымбат көлік пен зәулім сарайлармен қызықтыра алмасымыз анық. Олар біздің ұлттық қолөнер бұйымдарымызға қатты қызығатыны белгілі. Тіпті сән орталығы саналатын француздардың етік не болмаса, көйлектеріне зер сала қарасаңыз қазақы оюларымыздың ұрланғанын байқар едіңіз. Елімізде өтіп жатқан түрлі іс-шаралар барысында шетелдіктердің ұлттық қолөнер бұйымдарымызды көптеп сатып алатынынан-ақ оның қаншалықты құнды екенін бағамдауға болады. Мәселен, сүндет тойда баланы атқа мінгізіп, ағайын аралатқанда да жанына қоржын байлағаны мәлім. Әртүрлі қиықтардан жасалып, ою-өрнек салынған сәнді қазақы қоржындарды қолөнер бұйымдары дүкенінен сатып алуға болады. Құрақ жастықты бүгінде қонақ жастық ретінде де, диванға арналған шынтақ жастық ретінде пайдаланып жүргендер көп. Ал көбіміз кезінде құрақ ойыншықтар болғанын біле бермейміз. Оны үй ішіне сән беретін бұйым ретінде ғана емес, балаға ойыншық ретінде де тіккен. Әрі кәдесый ретінде тігуге де болады. Шеберлер құрақ ойыншықтардың ішінде кішкене пөстек, доп, ат, күшікті де құрақтан тіккен. Мұндай елде жоқ ерекше бұйымдарды диван үстіне, автокөлік ішіне де көз тарту үшін қоюға болады. Құрақ көрпе – қазақтың ісмерлік өнерінің ішінде ерекшеленетін өте құнды жәдігер. Ұлттық өнерді жаттың жылтырағынан жоғары қоятын жандар көп бүгінде. Ұлтжанды азаматтардың арқасында осындай құнды дүниелеріміз ұмытылмай ғасырдан ғасырға жететініне қуанасың… Бір қуантатыны қолөнер шеберлерін қолдау үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұратын жақсы бір дәстүр қолға алынуда. Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының ұйымдастыруымен жуырда «Оңтүстік көркі» қолөнершілер мен қолданбалы өнер шеберлерінің VI-шы облыстық көрмесі өткізілді. Көрмеге облыстың 13 аудан, қалаларынан 80 қолөнер шебері қатысты. Бүгінде белгілі облыста қолөнер шеберлері көбейіп келеді. Олардың арасында жастар басым. Тіпті қолөнер шеберлігі мектебін ашып жастарға үйретіп жүрген жандар да көп. Бұл дегеніңіз қазақтың қолөнері өспесе, өшпейді деген сөз. Шеберлерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған көрмеге жастар көп қатысты. Көрмені көрмекке келген көрермендер де көп болды. Әділқазылар алқасының шешімімен «Еңүздік қолөнер шебері» номинациясы бойынша жүлделі І орынды Бейсбековтер отбасы, ІІ орынды Әшірбек Желдібаев, ІІІ орынды Мақсат Сәрсембаев иеленді. «Ең үздік кәдесый бұйымы» номинациясы бойынша жүлделі І орынды Түркістан қаласының «Қолөнершілер орталығы», ІІ орынды Еркеш Қарақойшиева, ІІІ орынды Гүлнәз Қарабдалова ие болды. Сонымен қатар, Жұлдыз Кененбаева, Сәдуақас Сұлтанов, Бақытжан Керімбеков ынталандыру сыйлықтарын иеленді. Іс-шараға қатысқан барлық қолөнер шеберлері мен қолданбалы өнер шеберлері сертификаттарымен, номинациялар бойынша жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.