Бүгінде қыздарға тән емес делінетін спорт түрлерімен айналысатын бұрымдыларымыз көбейіп келеді. Мәселен бокс бойынша әлемдік додаларда топ жарып жүрген оңтүстіктің арулары баршылық. Соның бірі Жайна Шекербекова. Жаны да, тәні де нәзік қыз баласы үшін ауыр спорт түрімен айналысу оңай емес, әрине. Бірақ кейбіреулердің бойынан табыла бермейтін табандылықтың арқасында талай биікті бағындырып келеді. Польшадағы Феликс Штамм, Түркиядағы Ахмерт Комерт турнирінің алтын жүлдесін иеленді. Чехиядағы Гран-При жарысының күміс жүлде иегері. Өз елімізде өтіп жатқан көптеген халықаралық турнирлердің талайынан қоржыны қомақтыланған. Мұның барлығы да талмай талаптанудың, төккен ащы тердің арқасы. Негізінде Жайна бапкерден бағы жанған жан. Өйткені білікті бапкер Ерғали Бекмұрзаев Жайнаның бойындағы өзгелерге ұқсамайтын өзгешелікті байқап, қоластында тәрбиелеп, шымырдай шынықтырды. Ұстазының еңбегі далаға кеткен жоқ. Шекербекова соның бәрінің де өтеуін қайтарды. Әлемнің әр түкпірінде өтіп жатқан талай байрақты бәсекелерде бағы жанып, бапкерінің мерейін өсірді. Қарсыласының осал тұстарын дөп басатын бапкерінің қай кезде де айтқаны теріс шыққан емес. Соған орай Жайнаға берген кеңестерінің арқасында талай жарыста мерейі үстем болды. Бәрінен де бұрын жаттығу залынан шықпай қамау терін алдырып, бабын келтіріп шынығудың арқасы, әрине. Араға аз уақыт салып бапкер Виктор Ничайдың қоластына өтті. Білікті бапкер Жайнаның тәжірибесіне тәжірибе қосты. Спортшылардың әр жарыс сайын айы оңынан туа бермейтіні анық. Бірде бабы келіспесе, бірде бағы жанбай қалады. Төрешілер аяқтан шалса, енді бірде қазылар алқасы көзбе көз қарсыласына жығып береді. Бұл әлемдік додаларда болып жататын спорттың айналасындағы қулық сұмдықтар болса да Жайна ондай қулықтың құрығына ілікпеді. Дегенмен Гуанжоуда өткен Азия ойындарында есе жіберіп алды. Бапкерлер кеңесі 51 келі салмақта бірден Жайнаға үміт артқан. Өкінішке орай алғашқы Азия ойындарында жүлде алу еншісіне бұйырмапты. Филиппиндік Энни Албани қазақ аруынан әдіс тәсілі жағынан басымдау шықты. Ондай-ондай сынақтарға сынып түсетін Жайна емес. Қайта өршелене жаттығу залынан шықпай, қайратына қайрат қосуға тырысты. Төрт жыл бойы жаттығудан жаттығуға жалғастырып, аққан тердің өтеуін биыл Инчхонда көрді. Бабы келісіп, бағы қоса жанып, финалға бір-ақ жетіп тоқтады. Бес дүркін әлем чемпионы үндістандық Мери Ком ең мықты қарсыластың бірі болатын. Тіпті сол атағы дардай үнді қызымен жолым түйіспесе екен деп тілегендер де болыпты. Керісінше біздің қыз оның атағына да, тәжірибесінің молдығына да қараған жоқ. Рингте барын салды. Осындай атағы жер жарған әлем чемпионынын тықсыра қуып, соңында теңдей айқасқанына күллі әлем куә болды. Талай додаларда оза шауып бәйге алған мықтылармен жұдырықтасу өзіне деген сенімді арттырады екен. Көңіл түкпірінде сондай бір мықтымен тірессем деген арманы да болатын. Қарсыласты жіті зерттейтін бапкерінің айтқаны айдай келді. Виктор Ничай бұл жолы «Мери Комға тізгінді берме, тактика бойынша, жылдамдықты арттыра түс. Ұпай жинап алғаннан кейін, қашқақтай жүріп, ұпай саны арқылы ұтып кетуі де мүмкін» деген болатын. Дөп шықты. Екінші раундта жеңгеннен кейін ұстасумен жүрді… Жайнаның ендігі көздеп отырған асуы – алдағы ел чемпионаты. Әрі қарай Астанадағы лицензиялық әлем чемпионатына дайындық басталады. Әлем чемпионатына жаттығуға әзірден-ақ дайындық басталып кетті. Алға қойған басты мақсатының бірі – 2016 жылы өтетін әлем чемпионатында лицензия алып, Рио-де Жанейро ойындарында топ жару. Оңтүстіктың жастарына үлгі болып жүрген Жайнаның бұл арманының орындалуын ел болып тілеп отырған жайы бар. «Көп тілеуі- көл» деген бәлкім расында бағы жанып Жайнаның мерейімізді асыратына бек сенгіміз келеді.