Биыл тұңғыш рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы «Теңге ілуден» І Ашық Азия чемпионаты және «Асау үйретуден» республикалық турнир ұйымдастырды. Алғаш рет қолға алынып отырған айтулы шара Қазақстан халқы ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына орайластырылды. Дүбірлі додаға Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Венгрия, Әзірбайжан республикаларының спортшылары қатысты. Асау үйрету бағзы заманда ата-бабаларымыздың күнделікті кәсібі болса, бүгінде ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Көшпелі өмірдің ажырамас бір бөлшегі саналған асау үйрету білекті, жүректі жігіттердің ғана қолынан келген. «Текті жылқы кісіні көзінен таниды» деген тәмсіл бар. Құрыш білекті жанды көргенде көкке шапшыған асаудың өзі бас беріп, бағынған. Ал өзі де қорқып, жылқыға жақындауға жасқанған жанды текті жануар жанына жолатпасы анық. Сондықтан да асау үйрету екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Жылқыға деген құмарлық қазақтың қанында бар. «Атқа мінген қазақпен амандаспа» деген мәтел де бар. Өйткені атқа мінген адамның рухы көтеріледі, қайраты қатаяды. Сол себепті арғы ата-бабаларымыз жылқыға ерекше құрметпен қараған. Асау үйрету дегеніміз – әлі жүген-ноқта көрмеген жылқыны бастықтыру, яғни, далада еркін өскен түз тағысын бағындыру. Бұл оңай шаруа емес. Шу асауды жүген-құрықсыз мініп, ол тулағанда түспей-жығылмай үстінде отыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Асау үйрету ертеректе халқымыздың күнделікті кәсібі болса, бүгінде нағыз өнерге айналды. Жылқы бағып, кәсібін айырып отырған ауылдағы ағайынның бірді-екілі баласы болмаса асау үйрету қала баласы үшін мүлдем таңсық. Кез-келген жануарды зообақтан көріп жүрген қала баласы асауды ырқына көндіру дегенді мүлдем ұқпасы анық. Ал осы доданы көзбен көріп, асау үйретуді машығына айнылдырған білекті жігіттердің өнерін көрген соң олардың да бұл өнерге деген құрметі артары анық. Асау үйрету әрине аса қауіпті өнер. Тақымы мықты, құрыш қолды, шымыр жігіттер ғана шу асауды сабасына түсіріп, үйрете алады. Сондай-ақ, ат баптау да екінің бірінің қолынан келмесі анық. Басына құрық түспеген шу асау жылқыны ә дегенде-ақ жалынан тартып мінер жүректі жігіттердің сын додасы расында тартысты өтті. «Қауіптен қаймықпай, тура барып жалына жармасса атты ауыздықтауға болады. Бірақ, аттың да жанына кісі жолатпайтын небір асаулары бар. Негізінде кісі көзіне көп түспей тауда өскен жылқыны қолға үйрету оңай емес»,-дейді атбегілер. Астана қаласының оңтүстік-батыс жағында орналасқан «Қазанат» атшабарында өткен асау үйретуден республикалық турнирге әр аймақтан небір атпал жігіттер қатысты. Асау үйрету жарысы Моңғол елінде жыл сайын өтіп тұрады екен. Расында турнирге қатысқан моңғол елінен келген жігіттердің өнеріне көпшілік тәнті болды. Аталмыш додада екі жыл күллі Моңғолия көлемінде бай-өлкелік қазақ азаматтары топ жарып жүр. Бүгінгі асау үйрету додасы дер кезінде қолға алынған шаруа.
Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аса тартысты өткен турнирдің қорытындысы бойынша «Теңге ілу» І ашық Азия чемпионатының жеңімпаздары да анықталып, І орын — Ғалымжан Ізжановқа, II орын — Әлихан Башембаевқа, III орын Моңғолиядан келген Хуатхан Авдалға , ал IV орын Түркия спортшысы Кизилгоз Аденге бұйырды. «Асау үйрету» бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан барған Жеңісбек Манахайұлы, Моңғолиялық Жеңісбек Серікұлы, Шығысқазақстандық Айбек Кеншілік жеңімпаз деп таңылды. Оңтүстіктің оғландары бұл жолы да шашасынан шаң жұқтырмай биіктен көріне білді. Бұл да болса оңтүстіктің жастарының спортқа, ұлттық өнерге деген қызығушылығынан болса керек. Ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, насихаттайтын осындай турнирлердің дәстүрлі түрде өткізіп тұруы қажет-ақ.