Бүгінде жасырары жоқ, жастар сүйсініп көретін фильмдер некен саяқ. Түсірілуін түсіріледі-ау бірақ бір қайнауы жетпей қалған, әттеген-айы көп кинолар. Балаларға арналған кеңес одағы кезінде түсірілген фильмдерді осы күнге дейін аңыз қылып айтамыз. Өйткені нағыз хас таланттар түсірген туындылар ғасырлар бойы ұрпақ жадынан өшпек емес. Бүгінгінің балалары «Балапан» телеарнасына арқандаулы. Олардың әйтеуір таза қазақы, әдеби тілде сөйлеп үйреніп жатқанына қуанулымыз. Ал жасөспірімдерге арналған кеңістік те бос тұр. Өтпелі кезеңнің өтінде тұрған жасөспірімдерге жол сілтейтін, жөн көрсететін тамаша туындылар түсірілсе дейсің. Бірақ сол баяғы, бірақ… Корей сериалдарын сүйсіне көретін жастарымыз жоқ емес. Атышулы «Ф-4» сериалын жата-жастана тамашалаған жастарымыз жетерлік. Өзге елдің туындысы жастарымызды несімен баурап алды? Расында несімен? Ең алдымен актерларлық шеберлігімен дер едік. Актердің ойыны шынайы шығуы бір жағынан режиссердің табандылығынан да болар. Әйтеуір ондағы шиеленісті оқиғалар, енді не болар екен деп елеңдетеді де отырады. Сосынғысын да жастарымыз сол сериалдағыдай ертегі өмірді армандайды. Солар сияқты «крутой» болсам дейді. Ең бастысы жаман болғысы жоқ. Фильмнің қорытындысы да сол емес пе, жастарды жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа жетелеу… Отандық киноларды қарап отырып, «жасандылықтан қашан арылар екенбіз» деп күйінесің. Әртістің әдемі болуы шарт та шығар. Бірақ ең алдымен талантты болуы керек емес пе? Экранда әдемілігімен тамсандыратын әртістеріміз шеберлігін шыңдау, дарынын дамыту дегенге келгенде тұсаулы аттай кібіртіктейтіні жасырын емес. Жасанды сөйлеу, жасанды күлу, тіпті жыласа да жас емес, онысы көз алдау болып шығады. Қысқасы өз ойындарына көрермен түгілі өздерін де сендіре алмайды. Ондай туындыны кім көргісі келсін? Сосынғысын оқиғаны шиеленістіру жағы ақсап жататыны бар. Сценаристеріміз жазуын жазады-ау бірақ, алдымен түріктің, кәрістің сабын сериалдарын жақсылап көріп алса екен дейсің…
Жуырда ақжолтай хабарды естіп қуанып қалдық. Оңтүстіктің жастары туралы фильм түсірілмек екен. Фильмнің авторы әрі режиссері — Шапағат Орынбаев. Осыған дейін бірнеше фильм түсіріп үлгерген жас режиссердің жинаған тәжірибесі тағы бір сынға түскелі тұр. Онысы фильм түсіріліп біткен соң талқы таразысына салынатын болады. Кезінде Шапағат түсірген «Свои» және «25 теңге» фильмдері көрермен тарапынан жақсы деген баға алған болатын. Бұл жолы да дарынды режиссер қамшы салдырмайды деп білеміз. Жаңа туынды «Облыстық жастар орталығы» мекемесінің тапсырысымен түсірілмек. Алдын ала кастинг жұмыстары жүргізілуде. Бес жастан бастап 30 жасқа дейінгі дарынды жастар бағын сынап көруіне болады. Негізгі жанры комедиялық болатын фильм қыркүйек айынан бастап түсіріледі деп күтілуде. Фильмнің оқиға желісі бүгінгі күннің күйіп тұрған тақырыбын қозғайды. Жасырары жоқ бүгінде жастарымыз жоғары оқу орнын бітірген соң барлығы болмаса да басым бөлігі қалада қалғысы бар. Қызығы жоқ ауылға ешкімнің барғысы жоқ. Қаншама бағдарламалар қолға алынып, жастарға жағдай жасалып жатса да ауылға деген қызығушылық жастар арасында байқалмайды. Бірен-сарандары болмаса. Сондықтан да жастарды ауылды түлетуге шақырып, білімді, талантты жастардың ауылдан шығатынын дәлелдеуді мақсат тұтып отыр. Фильмнің басы жоғары оқу орнын қызыл диломмен бітірген жас маман әкесімен бәстесіп қалып, ауылға келіп жұмыс істеуден басталады. Басында ауыл өмірін жатсынып, тосырқап жүрген жігіт ауыл қызымен танысып, оқиғажелісі шиеленісе түседі. Туындының өн бойынан қарапайым ауыл өмірі де, ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігі, дипломмен ауылға барып, жұмыс істеп жүрген жастардың өмірі де көрініс табады. Оңтүстік өңір десе ең алдымен тамаша табиғат, айнала қоршаған тау елестейді емес пе? Табиғаттың әсемдігін көрсету мақсатында көркем фильм Төле би ауданы, Қасқасу ауылында түсіріледі деп жоспарланып отыр. Басты рольдерді танымал өнер жұлдыздары сомдамақ. Талантты да тәжірибелі жас режиссер қолға алып отырған туындының сәтті шығатынына сенім мол. Оңтүстік жастарының мерейін асыратын тамаша туынды болса деген тілек бар бізде…