Қазақстан Республикасының Конституциясында нақты атап көрсетілгендей әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға тыйым салынады. Қылмыстық кодекстің 3-бабы бойынша азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін, діни сезімдерін қорлауға қатысты олардың айрықшалығын, артықшылығын не кемдігін насихаттаудың БАҚ-ты немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған жағдайда Қылмыстық кодекстік 174-бабы бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін, ал, ауыр зардаптар келтірілген жағдайда 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғатыны тайға таңба басқандай анық жазылған. Сот осындай экстремистік мақсаттағы қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамдардың қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатыла алмай, көптеген қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндігі шектеледі. Адам баласының ой еңбегі мен дене еңбегін барынша жеңілдетіп, электронды тетіктер арқылы айшылық алыс жерлерден қас-қағым сәтте жылдам хабар алғызатын ғаламтордың ғажайып зор жетістігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Бойында не керектің бәрі бар, тек тілін толық меңгеріп алсаңыз бүкіл дүниенің кілті қолыңызда. Қазір әлеуметтік желілердің тілін жетік меңгерген жас та, жасамыс та өздерінің таным-түсінігіндегі ой-пікірлерін еш іркілмей жолдап, жүктеп жатады. Оның қайсысы ақиқат шындыққа сай, қайсысы негізсіз қауесет, байбалам екендігін айырып алу қиынның қиыны. Сондықтан азаматтар әлеуметтік желілерге жолданған кез-келген хабарға имандай сене бермей ақ-қарасын, әділін анықтап алғандары абзал. Бүгін Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының орталығы Шәуілдір елді мекеніне арнайы келген облыстық қоғамдық даму басқармасы қоғамдық келісім коммуналдық мемлекеттік мекемесінің этносаралық қатынастар саласы және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Х.Исақов пен дін саласы жөніндегі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің маманы Б.Өтегеновтер осы тұрғыда салиқалы сөз қозғап, ақпараттық-насихаттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиналған жұртшылықты шынайы шындыққа сай келмейтін негізсіз қауесеттерге сенбей, ең алдымен қайсыбір мәселеге де ойлы, байыпты көзқараспен қарау қажет екендігін тілге тиек еткен азаматтар өздеріне қойылған сұрақтар мен өтініш-тілектерге тұщымды жауап қайтарды. Қай уақытта да азаматтардың құқықтарын қорғау басты назарда тұратындығы баса айтылды.