Бүгін Түркістан қаласының прокуратурасы мен Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және оларға мемлекеттік қолдау көрсетудің өзекті мәселелері» тақырыбында бірлескен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге уәкілетті мемлекеттік органдардың басшыларымен қатар қаланың бизнес өкілдері шақырылып, 30 жуық кәсіпкер қатысты. Кездесуде прокуратура мен кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын қорғау бағытында атқарған жұмыстары, жергілікті атқарушы органдардың бизнеске қолдау көрсетудегі өзекті мәселелері талқыланды. Қала прокуроры Жаннұр Ахметбек кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – прокуратура қызметіндегі маңызды бағыт екенін, бизнестің дамуы халықтың әл-ауқатын жақсартып, жұмыссыздықты азайтумен бірге қылмыстық ахуал мен құқық тәртібіне де оң ықпал ететінін атап өтті. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар аясында прокурордың бизнесті қолдаудағы рөлін күшейтуге ерекше мән беріліп отырғаны, оның ішінде 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауына сәйкес енді кәсіпкерлердің шағымдары бойынша прокурорлар мемлекеттік органдарда тікелей тексеру жүргізу мүмкіндігіне ие болғаны баяндалды. Прокуратураның мәліметінше бұл бағытта жұмыс кәсіпкерлер палатасымен тығыз ынтымақтастықта атқарылады және Түркістанға облыс орталығы мәртебесі берілгелі 4 жылда прокуратура 6 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаған. Мысалы, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында өрескел заң бұзушылықтар анықталған. Дәлірек, 11 кәсіпкер заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тартылса, 8 кәсіпкерге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беруден негізсіз бас тартылған, ал 6 кәсіпкердің өтінішін қарау созбалаңға салынған. Прокуратура ұсынуы негізінде Басқарманың 3 қызметкері әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 5 қызметкер, оның ішінде Басқарма басшысының орынбасары мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін лауазымдарынан босатылған. Облыстық әкімшілік полиция басқармасымен 4 800 кәсіпкерге салынған 103 млн. теңге мөлшерде айыппұлдардың күші жойылған, себебі мәжбүрлеп өндіру мерзімдері өтіп кеткеніне қарамастан, олар өндірісте негізсіз қысқартылмай тұрған. Ал тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаушы «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС 844 кәсіпкерлік субъектіден төлемді негізсіз жоғары тарифте алып келгені анықталып, артық төленген 8 млн. астам қаржы кәсіпкерлерге қайта есептеліп, қайтарылған. Кездесу барысында қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімі мен мемлекеттік кірістер басқармасының басшылары есеп берді, сондай-ақ кәсіпкерлер көтерген бірқатар проблемалық мәселелер (индустриялық аймақтағы инфрақұрылымның жай-күйі, электр энергиясы тарифінің бағасы, коммерциялық мақсаттағы жерлердің сауда-саттыққа шығарылмауы, кәсіпкерлерге несие беру және салық мәселелері) талқыланып, жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырмалар берілді.