Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір. Оның кепілі – заңдылық. Қазақстанда салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – әр адамның құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу. Жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті әдіс қолданылып жасалған қылмыстар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің» тиісті баптарына сәйкес жауаптылық пен жазаны ауырлататыны қарастырылған. Түркістан облысында әйелдерге қатысты кемсітушіліктің нысандарын жою бойынша зорлық-зомбылыққа қарсы акциялар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тіпті жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Бұл ретте полиция қызметкерлері осындай зорлық-зомбылықтың алдын алу, оларды болдырмау, болған жағдайда тиісті шаралар қолдану керектігі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, Түркістан облысына қарасты Төлеби аудандық полиция бөлімінің полиция капитаны Ақмарал Боташева мен полиция майоры Садат Асанова, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу секторы қызметінің қызметкері Ердос Байсариевпен бірге орталық базарға барып, тұрғындармен кездесті. Тиісті мамандар зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда не істеу керектігі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олардың сауалдарына жауап берді. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындарға зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда олардың құқықтары қорғалатындығын ескертті. Қолдау білдіру үшін арнайы ұйым барын, сонымен қатар оларға психологиялық көмек ұсынылатындығы айтылды. Осы шарадан соң аудандық полиция бөліміне 35 жастағы әйел көмек сұрап келген. Оның айтуынша, заңды некедегі күйеуі үнемі жанжал шығарып, келіспеушілік туындағанда қол көтереді. Сонымен қатар, ол күйеуінің атынан арыз түсіруден бас тартып, алайда күйеуінен қорғауды сұраған. Өтініш айта келген тұрғынға полиция қызметкерлері құқықтық көмек көрсетіп, заң шеңберінде оның құқығын түсіндірді. Және де полицейлер аталған ер азаматты профилактикалық есепке алып, онымен 30 күн бойы іс-шара жүргізетін болды. Яғни, құқық бұзушы қорғау нұсқамасын бұзған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылады. Полиция қызметкерлері әр тұлға өзінің құқығын қорғай алатындығын тұрғындардың есіне салады. Барлығы заң аясында шешіліп, құқық бұзған әр тұлға жауапкершілікке тартылады.