Құқық қорғаушылар қоғамның әрбір азаматы үшін яғни, жас баладан еңкейген қарияның құқығы тапталмауы үшін жауапты. Әсіресе еліміздің болашағы жас өскіндердің теріс жолға түсіп кетпеуі үшін көп тер төгеді. Ол үшін ұдайы рейдтер ұйымдастырып тұрады. Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, облыс көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында жеке құрамға арнайы тапсырма берген болатын. Осының негізінде киелі өңір сақшыларымен «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған шара үш күнге жоспарланған. Шара барысында полицейлер — 1123 нысанды тексеріп, кәмелетке толмағандар саласына қатысты 537 әкімшілік құқық бұзушылық анықтады. Балаларының түнгі уақытта қайда, кіммен жүргенімен шаруасы жоқ ата-аналардың көптігі қайран қалдырады. Балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 19 ата-ана (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы), кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүргені үшін 49 ата-ана (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігімен), кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүруі бойынша 420 ата-ана (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен) анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Ата-аналық жауапкершіліктерін жете түсінбейтіндер енді заң алдында жауап беретін болады. Сондай-ақ, белгілі талаптар барына қарамастан ақшаға құныққан ойын сауық орындары да жазадан тыс қалмайды. Мәселен, жасөспірімдердің түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуына жол берген 20 ойын-сауық орындарының иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік хаттама түзіліп, жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жасөспірімдердің жүруі мүмкін делінген яғни, дүкендер мен сауда орындары, ойын-сауық нысандары тиянақты тексерілді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сатқан 14 тұлға анықталып, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабы «Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу» бойынша және 21 жасқа толмаған адамға темекі өнімін сатқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 423-1-бабы «Жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату» бойынша 11 тұлғаға әкімшілік шара көрілді. Заңға бағынбайтын тек табысты ғана ойлап, қалтасын қомпайтқанды қолай көретіндерді заң басынан сипамайды. Ендіаталмыш нысан иелері «аузы күйген үрлеп ішеді» дегенді мықтап естерінде сақтайтын болады. Бұдан бөлек, түнгі тексерулер кезінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 4 жасөспірім ұсталып, ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы «Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық» бойынша жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, арзан жұмыс күші деп жасөспірімдерді жұмысқа қабылдайтындар да назардан тыс қалған жоқ. Оның аясында балалардың еңбегін пайдалану бойынша 112 дерек тіркелді. Оның ішінде еңбек шарттары түзілмегені 101 болса,1 дерек қайыршылық жасау бойынша анықталды. Тәртіп сақшылары осы бағыттағы шараларды алдағы уақытта да жалғастыратын болады.