Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) 138-бабының 2-бөлігінде талап қоюды қайтару негіздері көрсетілген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек: Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының іс жүргізуіне ағымдағы жылдың бес айында барлығы 374 талап қою арызы түскен, өткен жылдан қалдық болып 113 талап қою арызы өткен. Оның ішінде 217 талап қою арызы әртүрлі негіздермен кері қайтарылған. ӘРПК-ның 138-бабының 2-бөлігінің 1)тармағына сәйкес, егер, талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтамаса және бұл тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса, судья талапты қайтару туралы ұйғарым шығарады. Дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі сақталмағаны үшін 47 талап қою арызы қайтарылған. Талап қоюшылардың дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтамауы кері қайтарылған арыздардың санын көбейтіп, әкімшілік сот жұмысының көрсеткішіне кері әсерін тигізуде. ӘРПК-ның 91-бабында сотқа дейінгі шағым жасау тәртібі көрсетілген. Атап айтсақ, ӘРПК-те көзделген жағдайларда әкімшілік рәсімге қатысушы сотқа дейінгі тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы. Шағымды сотқа дейінгі тәртіппен қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам жүргізеді. Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған болып табылатын әкімшілік орган, лауазымды адам, сондай-ақ заңға сәйкес шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де әкімшілік орган, лауазымды адам шағымды қарайтын орган деп танылады. Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі. Мысалыға айтар болсақ, талап қоюшы жеке кәсіпкерлер мемлекеттік органның әрекетіне шағым келтіріп, субсидия беруден бас тартқан әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған. «Мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау» мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларымен» реттеледі. Осы аталған Қағиданың 22)тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың және оның лауазымды адамдарының мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша әрекеттеріне, шешімдеріне шағымды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган қарайтыны. Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағымданудан кейін сотқа жүгінуге жол берілетіні көрсетілген. Яғни, Қағиданың талаптарына сәйкес, дауларды сотқа дейін реттеу тәртібі міндетті болып табылады. Талап қоюшылар жергілікті атқарушы органдардың субсидия беруден бас тартқан әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымды алдымен уәкілетті органға беруі тиіс болған. Алайда, осыған қарамай, талап қоюшылар заңда белгіленген дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібімен уәкілетте органға шағымданбаған және бұл тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаған. Дауды сотқа дейінгі ретету тәртібінің сақталмауы талап қою арызын қайтаруға негіз болған. Сондықтан, азаматтар мен заңды тұлғалар әкімшілік сотқа талап қою арыздарын жолдау барысында ӘРПК-нің нормаларында көрсетілген талаптардың сақталуын ескергені жөн. Гүлмира Мекембай