Жалпы жол-апатын қайтсек азайтамыз? Негізінде Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен жеке құрам қызметкерлері жол апатын болдырмау, алдын алумен қатар, осы жол қозғалысы ережесінің сақталуын қатаң бақылауда ұстайды. Көшеде ары-бері зулаған көліктерді жіті назарға алып, жедел-профилактикалық іс-шаралар, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қажет кезінде жаднамалар таратуда. Нәтижесі жаман емес сықылды. Түркістан облысында жол-көлік оқиғасының тіркелімі өткен жылмен салыстырғанда 4,7%-ға төмендеген. Яғни жыл басынан бері өңірде 283 жол апаты орын алған. Өкінішке орай соның салдарынан 93 адам қайтыс болды… Десекте бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға төмен. Жол апаттарының себеп-салдарын саралап айтар болсақ, ҚР ҚК-нің 346-бабы «КҚ жүргізу құқығынан айырылған, алкогольден, есірткіден масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, басқа адамға беру» бойынша 25 дерек анықталған. Маневр жасау ережелерін бұзу салдарынан 17 жайт, елдімекендерден тыс жерлерде қозғалыс жылдамдығын бұзумен 48 жайт, ал елдімекенде қозғалыс жылдамдығын бұзумен 84 жайт орын алған. 34 жайт қарсы қозғалыс жолағына шығумен болса, жол белгілерінің талаптарын бұзумен 35 дерек тіркелген. Сонымен қатар жануарларды соғумен болатын жол апаттары өткен жылы 41 болса, биылғы жылы 36 деректі құрап отыр. Жыл басынан бері барлық анықталған құқық бұзушылықтардың саны 300 мыңнан асса, оның ішінде 270 мыңнан астамы жол қозғалысы қауіпсіздік саласы бойынша анықталған құқық бұзушылықтар. Жол-көлік оқиғаларын алдын алу, сондай-ақ облыс автожолдарында қалыптасқан жедел жағдайды жақсарту, автоапаттылық деңгейін азайту мақсатында, «Автобус», «Заңсыз тасымалдаушы», «Құқықтық тәртіп», «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып өткізілді. Жүргізушілер, жаяу жүргіншілер, жолаушылар, сондай-ақ жол қозғалысына қатысатын басқа да адамдардың барлығы өзінің жолда жүру ережесін жетік білсе, бұндай олқылықтар болмас еді. Иә, ендігі кезекте Түркістан облысының кейбір жүгенсіз жүргізушілерін тәртіп сақшыларымен қатар, бейнебақылау камералары бақылауда. Киелі Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері көптеген ауқымды істер атқарылуда. Оның бірі осы соңғы үлгідегі бейнебақылау камераларының орнатылуы. Сондай-ақ ҚР ІІМ Марат Ахметжановтың бастамасымен жаңадан іске қосылған «Қорғау-қауіпті жүргізуші» бағдарламасы да өз нәтижесін беруде. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар одан ары жандандырылатын болады.