Түркістан облысында 478 471 жас бар, ол жалпы халықтың 23,3%-ын құрайды. Оның ішінде 81%-ы ауыл жастары. Жұмыссыз жастар саны — 14 751. Бұл жастардың 3,1%-н құрайды. 1 шілдедегі жағдай бойынша 14 688 жас жұмыспен қамтылған. 2022 жылы мемлекеттік бағдарламалар арқылы 32 115 жасты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2022 жылы жоспар бойынша 1553 грант беру жоспарланған. Аталған грантқа қол жеткізу үшін «Бастау бизнес» жобасы аясындағы оқытудан өтіп, сертификат алу керек. Өтініш берушілердің жасы 29-ға дейін болу керек. Қайтарымсыз гранттың мөлшері 400 АЕК (1 225 200 тг) құрайды. Осы орайда, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев NEET жастар санатында болған, екі қолға бір күрек таппай жүріп «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жұмысқа орналасқан жастармен кездесіп, олардың жұмысымен жіті танысты. Ақерке Абдуқадырқызы «Алтын ине» шеберханасы бизнес-жоспарын ұсынып, 1 225 200 тг. көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болған «Балауса» қыз жасауы дүкенін ашты. Қазіргі таңда түркістандықтардан бөлек, республика тұрғындарын өз қолымен жасаған бұйымдарымен қамтып отыр. Оған қоса, 6 замандасы осы шеберханада жұмыс істеуде. Жас шебер мемлекет қолдауына разы. Ал, Халилов Хурсанд Хасанұлы бұрын ешқайда жұмыс істемеген азамат. Әлеуметтік желілер арқылы Халықты жұмыспен қамту орталығының алғашқы жұмыс орындары бойынша жүргізген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде 3 мамырдан бастап арнайы жолдамамен «Идеал Түркістан» ЖШС-не жұмысшы ретінде тіркелген. Қазір жұмыс істеуде. Тағы бір кейіпкеріміз – Бейсенбайқызы Нұрсара. Қалалық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстық филиалына жұмысқа қабылданды. Нұрсара «Жастар практикасы» бағдарламасын достарынан естіп, жұмыспен қамту орталығына барған. Жолдама алып, мекемеге келген. Бүгінде «Қазпошта» АҚ-да 6 – жас маман жастар практикасымен, 2 жас қоғамдық негізде жұмыспен қамтылып отыр. «Талапты, кәсіпке бейім жастардың жұмысын көзбен көріп, жіті танысып шықтым. Олар үшін қуандым. Алдына мақсат қоя білген ұл-қыздардың бойындағы жігерін, болашаққа деген сенімін көріп, табысты болыңдар», деп шынайы тілектестігін білдірді басқарма басшысы. Атап өтейік, мемлекеттік бағдарламалар негізінде нақты бір кәсіпке бейімделіп, өз ісін ашуға мүмкіндік алатын жастар қатары күн санап артып отыр. Болашағынан үміт күттірер қоғамның қозғаушы күші – жастардың жан-жақты дамуы, барлық салаларға аталған бағдарламалар арқылы маман ретінде қалыптасуы – мемлекеттің бүгінгі басымдық беріп отырған маңызды тұсы. Сондықтан, бүгінгі кейіпкерлерімізбен мақсат-мұраты бір құрдастарына бағыт беруде жұмыс жүйелене бермек.