Тұрғындарды газбен қамту мәселесі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды. Облыс әкімі жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындарды жедел «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Түркістан облысындағы филиалына да ұсыныстар берілді. «Адамдар газ келді деп қуанады. Бірақ газды үйге кіргізуге дейін түрлі қиындықтардан өтеді. Осы мәселені бақылауға алып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау керек. Газ саласына қатысты әрбір мәселеге жауапты тұлғалар бекітіліп, тұрақты мониторинг жасалуы тиіс», – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға кемшіліктерді жоюды тапсырды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы С.Далиевтің айтуынша, облыста 31 автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) бар. 5 АГТС құрылысы жүргізіліп жатыр. Сәкен Далиев, Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда облыс табиғи газды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан алып отыр. Алдағы уақытта осы құбырдың екінші линиясын салу жайында энергетика министрлігіне ұсыныс жіберілді. Сондай-ақ облыста 31 газ тарату стансасы бар. Және де 5 АГТС салынып жатыр». 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің (2 млн. 75 мың тұрғын) 457-сі табиғи газбен қамтылған. Елді мекендегі халық санымен есептесек 1 млн. 529 мың тұрғын немесе 73,7 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Нұржан Түймебаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры: «Жаз уақытында адам келмейді. Бізде халыққа қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейді. Ол жерде мамандарымыз тұрғындарға көмек көрсету үшін отыр. Халық жаз бойы келмейді, қыс тақағанда адам саны көбейіп кетеді. Бізде ол уақыттарға қызметкерлерімізді көбейте алмаймыз. Олар адамдардың бірден келуінен үлгере алмай қалады». Көшеге тартылған табиғи газды үйге дейін кіргізу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Үйге келген газды, енді ішке кіргізу мәселесі бар. Бәрін қарап, тексеріп, мониторинг жасау керек. Әрбір нысанға кім жауапты, қандай уақытта пайдалануға беріледі? Алда қандай іс жүзеге асады? Бәрін тізіп жазып шығу керек. Сонсоң оны қарап, дұрыс емес жері болса тексеріп бекітеміз». 2022 жылы 69 газ нысанының құрылысына 15,9 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 9 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 60 нысан 2023 жылға өтпелі. 2022 жыл қорытындысымен, 467 елді мекен (56,2%) немесе 1 млн. 561 мың халық (75,2%) табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Алдағы 3 жылда қосымша 255 елді мекен табиғи газға қосылып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге жетеді (86,8%) немесе 2 млн. 3 мың тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көреді.