Тандыр нанның тарихы… Бүгінде ауыл тұрғындары қажетті өнімін алу үшін аудан орталығына сабылмайды. Нарықты бағамдап отырған көреген кәсіпкерлер ауыл халқына не қажеттілігін тап басып, сол өнімдерді өндіруді қолға алады. Гүлсін Әуелбекова — Қаратаудың теріскейінде орын тепкен танымал Таукенттің тұрғындарына бөлке мен тандыр нан пісіріп, сатып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бір айлыққа қарап, жұмыс істеуден ештеңе өнбесін әу бастан -ақ бағамдаған. Басында сауда-саттықпен айналысып та көрді. Одан біраз жыл жергілікті балабақшаларға мемлекеттік тапсырыспен қажетті тауар тасып беруші болып та көрді. Әрқайсысының өзіндік табысы болғанымен, ауыртпалығы да жетерлік. Келешекте жеке кәсіп ашуды алдына мақсат қып қойды. Арманға да, мақсатқа да табанды адамның, талапшыл адамның қол жеткізетіні белгілі ғой. Ақыры ойлаған мақсатына қол жеткізуге бел байлаған ол Түркістан облысына қарасты Созақ аудандық жұмыспен қамту орталығынан «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша үш миллион теңге несие алып, ісін бастап кетті. Негізінен, Теріскей өңірі мал шаруашылығына қолайлы, Тұрғындардың көбісі төскейде мал жайғап, өрістетіп отырған өңір ғой. Бұл шаруашылықтан нәпақа табу оңай еместігін бағамдаған Гүлсін ойлана келе, басқа кәсіппен айналысуды ұйғарды. Ас атасы нанға деген сұраныс қай кезде де толастамайтыны анық. Әрі күнделікті дастарханнан табылуы тиіс нан пісіргеннен жерде қалмайтыны тағы анық. Кондитерлік салада бағын сынап көруге бел байлады. Арада ұзақ уақыт өтпеді, Гүлсін Таукент кентінен шағын наубайхана ашып, тәуекелмен нарықтың бел ортасына еніп кетті. Тәуекелмен кәсіп бастаған кез-келген жанға әу баста оңай болмайтыны анық. Нарықты зерделеу, сұранысқа сай өнім өндіру оңай шаруа емес. Әрі өндірген өнімің өзгелердікінен өзгешелеу, сапалы болуы қажет. Бір ғана Таукенттің өзінде төрт наубайхана бар. Бәсекелестік басым. Орталық халқы бес мыңдай тұрғынды құрайды. Дегенмен мұнда жергілікті жұрттан көрі сырттан нәпақа іздеп келетіндер көп. Жалақысы жоғары, мемлекеттік бюджеттің бүйірін толтырып отырған, уран өндірісінен республикадағы алдыңғы қатарлы азуы алты қарыс «Қазатомөндірісі» АҚ секілді бірлескен кәсіпорындар да осында. Сондықтан өз тауарын шығарып жатқан кәсіпкерлерге аса қорқыныш жоқ секілді. Әрине, ебін тауып, тер төгіп еңбек ете білгенге ғана… Жоғары білімді экономист бұл саланың ар жақ, бер жағын бағамдай білді. Көпбалалы ана елудің бел ортасынан асқан жасында наубайхана ашып, кәсіп бастаған Гүлсінде алғашында қорқыныш болғаны рас. Бүгінгі күннің бағыт-бағдарын, бет-алысын бағамдаған, ұл-қызының болашағын ойлаған кәсіпкер ана өз ошағының қамын ғана емес, қол астындағы жұмысшылардың да отбасына қол ұшын беріп, жанашырлық танытып жүр. Әрі онысын өзіндік адами парызы санайды. Бүгінде қоластында наубайханада екі нан пісіруші жұмыс істейді. Күніне екі қап ұннан төрт жүздей тандыр нан жабылады, бір қаптан жүзден аса бөлке нан пісіріледі. Наубайшылардың жалақысы елу мың теңгенің үстінде. Гүлсін апай ертелі-кеш піскен нанды өзі тасып, өзі дүкендерге өткізіп, тыным таппай жүреді. Жұмыстан қолы босаса, дереу анасына қолғабыс беретін ержеткен ұлы қасында. Тұтынушылардың сұранысы да естен шықпайды. Денсаулығына байланысты қара нан іздейтіндер бар. Тандыр мен бөлке нанға қосып, тұтынушылардың талғамына орай қара нанды да пісіреді. Сұранысы жоғары қара нанды кәсіп иесінің өзі пісіреді. Нанның сапасы жақсы. Сұранысы күннен-күнге артып келеді. Ара-арасында тапсырыспен самса, печенье, тәтті күлшелер, торттар пісіретін кездері болады. Ондай кезде жұмысшыларға қосымша ақы төленеді. Бастапқы кезде ірі сауда дүкендерге нан өткізуге барғанда «біздің өзіміздің нан пісіріп әкелетін адамдарымыз бар» деп алмай қойған кездері де болыпты. Кейіннен иісі бұрқыраған, дәмі тіл үйіретін нанның пісірілу сапасын байқап өздері тапсырыс беретін болған. Күніне бес жүздей нан өтіп тұр. Таукентте көпшілігі таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Үйден нан жабуға қолдары босай бермейді. Сондықтан дайын нан сатып алады. Көбінде «Қазатомөндірістің» жұмысшылары алады. Балабақшаларға күнделікті нан өткізіп тұрады. Қысқасы сапалы нанның жерде қалмайтыны анық болды. Кейбіреулер ойлайтындай көпшілікке арнап нан пісіру оңай емес. Бейнеті көп еңбек. Дәмді нан пісіру үшін мұнда күні-түні қамыр ашытылып, нан пісіріледі. Күндіз түні дамыл таппай ыстық пештің қасында жүрй де оңай емес. Кәсібін бастаған кәсіпкерлерге қарайласқан үкіметке де мың қайтара алғысын айтып отырады. Мемлекеттен алған несиені де уақытылы қайтарудың да өз мойнынада. Несиеге алған қаржыға Шымкенттен құрал-жабдықтар, соның ішінде нан ашытуға арналған қазандық, нан пісіретін пештер сатып алды. Өздері пісірген нан өтсін деп, есік алдына әдейі азық-түлік дүкенін де ашып қойған. Еңбекті жаны сүйетін, жұмыс десе тыным таппайтын әйелзаты екенін осыдан аңғаруға болады. Әйтеуір, бір шаңырақтың берекесін келтіріп, шырайын шығарып отырған Гүлсін апай сияқты кәсіпкер әйелдер көп болса екен елімізде. Иісі танауды қытықтаған тандыр нанды алған сайын алғыс жаудырып кететіндердің қарасы қалың. Сатып алушыларының көңілінен шыққанына кәсіпкер де дән риза. Осы кәсіпке балаларын да баулып жүр. Күнделікті көргенін істейтін балалары болашақта осы кәсіпті игеріп кететіне бек сенімді.