Өркениеттің Отаны саналатын ежелгі Грекияда елдің негізгі мәселелерін «халық жиналысында» дауыс беру арқылы шешу тәжірибесі болған. Оған қатысатындар халық арасында ақ жамылғы киіп жүрген. Себебі, ақ түс дауыс беруге қатысатын адамның ниетінің түзулігін білдірген. Бертін келе бұл дәстүр өзге елдерде де өз менталитеті мен мәдениетіне сай пайда болып, қазіргі сайлау жүйесі қалыптасқан. Жалпы, «демократия» деген ұғым ежелгі грек тілінен аударылатын болса – «халық таңдауы» деген мағынаны білдіреді. Егер ертеде тек белгілі бір ықпалды тұлғалар ғана дауыс беру құқығына ие болса, қазір кәмелетке толған әрбір азаматтың сайлау құқығы бар. Ел – біздікі, Отан – біздікі. Қоғамда орын алып жатқан әрбір оқиға да ортақ. Әсіресе, әңгіме транформация, жаңа реформалар мен саяси шешімдерге келгенде азаматтық ұстанымымызды ашық көрсете білуіміз қажет. «Теңіз тамшыдан құралады» деген сөз бекер емес. Егер біз Жаңа Қазақстанды қаласақ, онда оны құру жолында белсенді болуымыз керек. Әділетті елде тұрғымыз келсе өз құқығымызды жақсы біліп, қолдануымыз керек. Демократия қаласақ, ел үшін үн қату өте маңызды! Алдағы сайлау — Жаңа Қазақстанға өту жолында жасалған қадам. Жай қадам емес, бүкіл бір елдің қадамы болмақ. Жанар ТЕМІРБЕКОВА, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры