Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қатысушы елдердің азық-түлік жүйелерін неғұрлым тиімді үйлестіру талап етіледі. Бұл туралы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер министрлерінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі 8-ші кеңесінде вице-министр Бағлан Бекбауов мәлімдеді. Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігінің ахуалына әсер ететін маңызды мәселе климаттың өзгеруі және ауыл шаруашылығына әсер ететін энергия ресурстарының қымбаттауына байланысты тәуекелдер болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ішкі міндеттерді шешу үшін Қазақстан ішкі өндірісті ұлғайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру жөнінде нақты шараларды қабылдап жатыр, деп атап өтті вице-министр. Қазақстан Үкіметі екі маңызды стратегиялық құжат – АӨК-ті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын және БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарында көзделген азық-түлік жүйелерін дамытудың қағидаттары мен тәсілдерін ескеретін саланы дамытудың 5 жылға арналған ұлттық жобасын қабылдады. Айта кетейік, былтыр Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытудың оң үрдісі байқалады. 2022 жылы елімізде соңғы 10 жылда 22 млн тонна дәнді және бұршақ дақылдарының рекордтық өнімі жиналды. Ауыл шаруашылығының өсімі 9,1% құрап, 21,5 млрд долларға жетті, деп қосты Бағлан Бекбауов. Қазақстан көрші елдер тарапынан өсіп келе жатқан сұранысты ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту міндетін қойып отыр. Жекелеген позициялар бойынша экспортқа енгізілетін шектеулерге қарамастан, соңғы 2 жылда АӨК өнімінің экспорты оң серпінді көрсетіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 5,6 млрд долларды құрады. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласының дамуына Түркістан облысы серпімді үлес қосып отыр. Бүгінде өңір мал шаруашылығын қарқынды дамытып отыр. Жылыжайлардың 71 пайызы облыстың үлесінде. Сондай-ақ маңызды мәселелердің бірі — ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану болып табылады. ШЫҰ елдерінде су тапшылығының ауқымы кеңейіп келеді. Осыған орай жерді суару және мелиорациялау, суарудың заманауи технологияларын, сондай-ақ ылғал ресурстарын үнемдейтін технологияларды енгізу бойынша міндеттер назарда болуы тиіс, деп атап өтті вице-министр. Айта кетейік, 2023-2024 жылдары ШЫҰ-ның төрағалығы Қазақстанға өтеді. Ел экономиканың аграрлық секторындағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «ақылды» ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бұдан бөлек, «ШЫҰ-ФАО» форматында азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша диалог жүргізу және басқа да бірқатар іс-шаралар жоспарланып отыр.