Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аудан, ауыл әкімдерінің міндеті екені белгілі. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері, оны дамыту үшін басшылар пайдаланылмай жатқан егіс алқаптарын іске қосуды, суармалы жер көлемін арттыруды, қарқынды бау-бақша шаруашылығын дамытып, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуды қадағалауы қажет. Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы Манкент ауылында С.Авчиевтің жетекшілігімен «Құрбантай ата» мал шаруашылығы бүгінде қарқынды жұмыс атқаруда. Шаруашылық өз жұмысын 2013 жылы бастаған. Әу баста қол астында тек он бас бұқа мен алты сауын сиыр ғана болған. Мал шаруашылығының қыр сырын жете білгендіктен әрі жаңа үрдістерді игерген шаруа тынымсыз еңбектің арқасында бүгінде шаруашылықта мың басқа жуық ірі қара бар. Мал шаруашылығымен айналысқан адам ғана оның қиындығын біледі. Мал басы өздігінен өспейді. Мал бағу, азық-түлік дайындау, қораны ретке келтіру оңай шаруа емес. Мал басын көбейту үшін көптеген қорлардан қолдау іздеді. Жылдық пайызы жоғары несиелер тиімсіз болды. Ақыры олар мемлекеттің көмегін пайдалануға шешім қабылдады. Мемлекеттің қолдауының арқасында салмағы тез өсетін абердин-ангус сиырларын өсіруді бастау мүмкіндігі туды. Сиырлардың бұл тұқымы жоғары өнімділігімен, сүтінің сапасымен ерекшеленеді, сонымен қатар күтімге үлкен шығындарды қажет етпейді. Мал бордақылаудың да өзіндік қиындықтары бар. Мал азығынан бөлек оларды түрлі аурулардан сақтау шаруасы тағы бар. Мысалы, сиырлар 40 түрлі аурумен ауырады. Сондықтан малды бордақылау – біршама шығынды кәсіп. Шаруашылықтың жеке мал сою алаңы бар. Ірі қара малдың еті жан-жақты зертханалық тексеруден өткеннен кейін ғана сатылымға шығарылады. Өндірістік кооператив бүгінде қазақстандықтарды ет-сүтпен қамтамасыз етіп, өнімді облыс базарларына ғана емес, Алматы қаласына да жөнелтуде. Болашақта шетелге де экспорттау жоспарлануда.