«Ауыл аманаты» жобасы Қазақстан Республикасының Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Жобаның негізгі ережелері мен несие беру шарттары «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің 2022 жылғы 26 шілде №314 бұйрығымен бекітілген. Бағдарламаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы республикалық бюджеттен облысқа 20,0 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінуде. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту болып табылады. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында былтыр ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 59 миллиард 772,3 миллион теңгені құраған. Оның ішінде 35 млрд 380,3 млн теңге – мал шаруашылығына, 23 млрд 840,7 млн теңге – егін шарушылығына тиесілі. Осыдан ақ қазығұрттықтардың басым бөлігі ауыл щаруашылығымен айналысатынын бағамдауға болады. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығын дамытуға бет бұратындардың қатары тағы да арта түспек. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 9 маусым күні Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауылы округіне қарасты Мәдениет үйінде ауылдың жеке кәсіпкерлері мен тұрғындарымен кездесу жиналысы өтті. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары, «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалының директоры, «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының және «Ырыс» микроқаржы ұйымының аудандық филиалдарының өкілдері қатысты. Аталмыш бағдарламаның барысы мен тетіктері туралы жан жақты ақпарат берілді. Жиналыс барысында кәсіпкерлер, тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.