Жуырда Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті туралы айтып берді. АШМ басшысы мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу туралы айта келе, сүт өнеркәсібіне жеке тоқталды. Оның азық-түлік өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі 16% құрайды. 2022 жылы өндірілген 3,9 млн тонна тауарлық сүттің 1,9 млн тоннасы қайта өңделді. Ішкі нарықты отандық өндіріспен қамтамасыз ету 82% жетті. Министрдің айтуынша, сүт өңдеуді дамытудың тежегіш факторы шикізаттың тапшылығы мен қымбаттығы болып отыр. Нәтижесінде, ішкі нарықта сүт өнімдері импортының жоғары үлесі бар. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін СҚО-ның сүт-тауар фермалары желісін құру жөніндегі тәжірибесін көбейту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 СТФ құруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы екі жылда 50 СТФ құрылысына тағы 113 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл импортқа тәуелділікті 573 мың тоннадан 33 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан облысында ет және сүт өнімдерінің өндірісі артып келеді. Одан бөлек, облыста сүт өңдеу ісі қарқынды дамып келеді. Қазірдің өзінде өңірде 26 ферма мен жиырмаға жуық қайта өңдеу цехы бар. Келешекте облыста кішігірім кешендердің қатары арта түспек. Себебі, инвесторлар ірі зауытқа қарағанда шағын цехтарды дамытуға қызығушылық танытуда. Сондай-ақ азық-түлік өндірісінің жалпы көлеміндегі ет өнімдерінің үлесі 16% құрайды. Ет өңдеу бойынша 171 кәсіпорын жұмыс істейді. Салқындатылған ет бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 117%, шұжық өнімдері 61%, ет консервілері – 26% құрайды. Ербол Қарашөкеев ет өңдеу кәсіпорындарының негізгі проблемалары қолжетімді бағамен шикізаттың болмауы және айналым қаражатының жеткіліксіздігі екенін атап өтті. Мұны шешу үшін Қазақстан аумағынан ірі қара, қой және ешкіні әкетуге тыйым салынып, 60 мың бас бұқашықтар мен 120 мың бас тоқтыны әкетуге квоталар белгіленді. Бұдан басқа, ет өңдеу кәсіпорындарына қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету үшін мұздатылған етті бажсыз әкелуге квоталар беріледі. Теріні қайта өңдеуге келетін болсақ, бүгінде салада 9 кәсіпорын жұмыс істейді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ІҚМ тері өндірісі 3,4 млн дананы құрады, оның 14% өңделіп, 5,2% экспортталды, ал қалған 81% өңделмеген қалдық. Сұраныстың болмауына байланысты ұсақ мал терісін өңдеу және экспорттау жүзеге асырылған жоқ. Былғары шикізатының экспортын тежейтін фактор 1 тонна үшін 200 еуро экспорттық баж болды. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес бойынша экспорттық баж толығымен алынып тасталды, ал ІҚМ бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді. Бұдан басқа, инвестициялық субсидиялар қағидаларына былғары шикізаты мен жүнді қайта өңдеу жөніндегі қуаттарды салуға және жаңғыртуға салынған инвестициялардың 25% өтеуді көздейтін жаңа паспорт енгізіледі. Шикізатты қайта өңдеудің дамымауының тағы бір себебі — оның сапасының төмендігі және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының да, экспорттаушылардың да талаптарына сәйкес келмеуі болып табылады. Мәселенің шешімі желатин немесе жемшөп қоспаларын өндіру сияқты терінің сапасы маңызды емес өндірістерді дамыту болып отыр. Қазіргі уақытта республика бойынша желатин өндіру үшін ІҚМ терісін қайта өңдейтін 3 кәсіпорын және жемшөп қоспаларын өндіру үшін ұсақ мал терісін қайта өңдейтін бір зауыт ашу жоспарланған. Ірі қара мал терісінің қосымша көлемін өңдеу үшін малға жемшөп қоспаларын дайындау жобаларына инвесторлар іздестіріліп жатыр. Сондай-ақ министр жүнді қайта өңдеудегі проблемалар теріні қайта өңдеу проблемаларына ұқсас екенін атап өтті, мұның да себебі шикізат сапасының төмендігімен байланысты. Оның айтуынша, республикада жыл сайын 40 мың тоннаға жуық қойдың жүні өндіріледі, оның тек 33% қайта өңдеуде пайдалануға болады. Ақпан айында министрлік жүн экспортына кедендік баждарды алып тастауға бастамашы болды. Жүнді өңдеудің төмен көрсеткіші мәселесінің шешімі ірі және жартылай биязы жүнді өңдейтін кәсіпорындарды құру болып отыр. Мәселен, Ақтөбе облысында жылу оқшаулағыш материалдарды дайындау үшін қуаты жылына 2,1 мың тонна ірі жүнді қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосу көзделген. Сондай-ақ, қазіргі таңда Батыс Қазақстан аграрлық университетінің ғалымдары ірі және жартылай биязы жүнді жылыжай шаруашылығына гидропоника ретінде пайдалану технологиясын жасау бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр. Зерттеу нәтижесінде технологияны өнеркәсіптік өндіріске көшіру жоспарланып отыр. Ел ішінде ірі және жартылай биязы жүнге сұраныс артып, оны өңделген өнім түрінде экспорттау мүмкіндігі артады деп күтіліп отыр, деп түйіндеді министр.