Кітап оқу – терең талғам мен риясыз руханияттың өлшемі. Кітап оқу арқылы оқырманның пайымды парасаты, сергек санасы, кемел көзқарасы қалыптасады. Небір сырлы сезімдерді сөз құдіреті арқылы талай жанның жұмыр етінен өткізіп, жан жүрегіне жеткізетін де – осы ақылдың қазынасы кітап. Кітап оқу – адам жанының ізгілікке алғашқы қадамы деп білетін жастардың саны да аз емес. Оқырмандарды кітапханаға тарту, жастардың кітап оқуға деген ынтасына сеп болу мақсатында аудандық орталық кітапхана ұдайы іс-шаралар ұйымдастырады. Кітап оқу адамның дүниетанымын кеңейтетіні сөзсіз. Өмір сүруге жол ашатын ақпаратты адам тек қана кітаптан алады. Адам өз өмірінде күніне 50 бет кітап оқығанның өзінде, орташа есеппен жетпіс бес жыл өмір сүрген адам өз өмірінде үш мың кітап оқиды екен. Құрығанда күніне 10 бет оқыса, адамның танымдық көкжиегі едәуір кеңейер еді. Осы ретте бүгінде кітап оқу мәдениетін насихаттау бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Түркістан қалалық орталық кітапхананың ұйымдастырумен «100 жаңа оқулық- заманауи білім бұлағы» атты тақырыпта оқырмандар арасында дөңгелек үстел болып өтті. Мақсаты жастарды «100 кітап оқуға тиіс» жобасы тізіміндегі шығармаларды оқуға ынталандыру, қызығушылықтарын арттыру, тарихи, көркем шығармаларды оқып, талдауға бағыттау. Дөңгелек үстелге студенттер жақсы дайындықпен келді, оқыған, оқып жатқан шығармалары туралы қазақ тілінде баяндады. «Рақым» колледжінің студенттері Ділдабаева Маржан, Киізбаев Руслан, Өтегенов Қайрат, Кенжеғұлов Даурен жобаның өте тиімді, дұрыс бастама екендігі жайлы, оны үнемі қолдайтындықтары туралы өз ойларын ортаға салды. Шара соңында «100 жаңа оқулық жаңғыру жетістігі» атты кітап көрмесімен танысты.