Бүгінде халықтың басым бөлігі артылған ақшасын қор есебінде жинауды әдетке айналдырған. Долларға айналдырып қойғанды құп көретіндер басым еді. Бүгінде оған да сенім болмай қалды. Доллар бағамы бірде төмен түсіп, бірде жоғарылап сенімге селкеу түсіргені рас. Ал құнын жоймайды деп алтын бұйымдарын жинайтындар баршылық. Ал солардың басым бөлігі қаржыдан қысылғанда алтындарын ломбардқа өткізіп, ақша тапшылығынан құтылғанды құп көреді. Алайда ломбардқа өткізген алтыныңызды қарақшылар тонап кетсе не істейсіз? Бар алтыныңыздан айырылып жер сипап қалмайсыз ба? Олай деуімізге себеп жуырда Шымкент қаласындағы ломбардтардың біріне қарақшылық шабуыл жасалып, белгісіз тұлға оқ атып, қызметкерді жаралаған. Ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы оқиға орнына жедел жетіп, анықтағаны: бетіне медициналық маска және көзіне күннен қорғайтын көзілдірік таққан белгісіз тұлға қысқа ұңғылды аңшылық мылтығымен ломбардқа баса-көктеп кіріп, касса қызметкерін қорқытып алтын бұйымдар мен ақша беруін талап еткен. Содан соң касса қызметкеріне қарай оқ атып, көкірек тұсынан жарақаттап, оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленуші алған оқ жарақатынан Шымкент қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда дәрігерлер жәбірленушінің жағдайы ауыр екенін айтуда. Аталған жайт Шымкент ҚІІБ Еңбекші ПБ-нің Сотқа дейінгі бірыңғай тергеп –тексеру тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК-нің екі бабымен: 24-99 «Қарақшылық жолмен адам өлтіруге оқталу» және 287 «Атыс қаруын заңсыз сақтау, алып жүру» қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. ОҚО ІІД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдікті тұлғаның жеке басын анықтау мақсатында барлық тиісті шараларды іске асыруда.
Диана Мәуленова