Бүгінде өнертапқыштар көп. Ғылымға пайдасы тигізбекті көздегендер емес. Өз пайдасы үшін. Ақша табу үшін. Жуырда осындай бір пайдакүнем құрыққа ілікті. Шымкент қаласының тұрғыны тәртіп сақшыларына өзінің «Тойота Корола» көлігін біреулер ұрлап кеткенін айтып, хабарласқан. Қолды болды деген көлік көп ұзамай қаладағы көшелердің бірінен табылды. Қаратау аудандық ІІБ қызметкерлері көп ұзамай мұның қолдан қойылған «спектакль» екендігін анықтады. Жоспар бойынша жапа шегуші азамат көлігінің ұрланғаны үшін банктердің бірінен сақтандыру сомасын өндіріп алмақ болады. 800 мың теңге сақтандыру ақшасын алып алған соң көлігін басқа біреуге сатпақ болады. Ол үшін алдын ала 500 мың теңге ақшасын да алған. Бірақ ойлағанындай жоспар жүзеге аспады. Оның іске асуына қаратаулық құқық қорғау қызметкерлері кедергі болды. Бүгінде аталмыш оқиға бойынша ҚР ҚК 190-шы бабы яғни алаяқтық бабы бойынша, жалған ақпар бергендігі үшін 419 бап бойынша айып тағылды. Басты кейіпкер темір торға қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.