Көшені космос деп ойлап құйғытатын шымкенттік жүргізушілердің аяғына тұсау, мойнына қылбырау салынатын болды. Күні кеше жергілікті полиция қызметі «Крис П» құралын (фоторадар) іске қосты. Бұл қондырғылар қызметкерлердің қатысуынсыз автокөлік жүргізушілерінің жылдамдықты асыру фактілерін анықтап, айыппұл парағын жүргізушінің мекен-жайына xат арқылы жолдап тұрады. Сондықтан сала мамандары қала аумағындағы автокөлік иелеріне жылдамдықты шектен тыс асырмай жол жүру ережелерін сақтауға шақырады. Алматы қаласында аталған жоба жүзеге асырыла бастағанда 30 минуттың ішінде 300-ге жуық жол жүру ережесін бұзу деректерін анықтаған. Бұл құрылғы белгіленген жол белгілерін басып тоқтағанда, қауіпсіздік белдігін тақпаған жағдайда, жылдамдықты асырғанда тез түсіріп алады. Ол ЖПҚ қызметкерлері мен жүргізушілердің «келісуіне» жол бермейді. Айыппұлдар «бақытты хат» ретінде тез арада мекен жайыңызға келеді. Жүргізушілердің тілінде «үш аяқты» аталған қауіпті құрылғы кез келген бұрылыста тұруы мүмкін. Байқамай да қаласыз. Әрі кішкене ғана болғандықтан алыстан да көзге шалынбайды. Стационарлы камераларға қарағанда өте «пысық» әрі жылдам. 50 градус суықта да істен шықпайды. Көлікті артынан да алдынан да түсіре алатын артықшылығы бар. Жол ережесін бақылаушылар «Крис П»-мен «келісе» алмайды. Әрі таспаға басылғанды өшіре де алмайды. Оған құзырлары жүрмейді. Сондықтан да желдей жүйіткуге ешқандай мүмкіндік қалмай тұр. Айыппұлдардан шаршаған жүргізушілер енді «екі шоқып, бір қарау» әдісіне көшпеске еш әддісі қалған жоқ.