Бүгін Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласында заманауи стандартқа сай қоғамдық әжетхана пайдалануға берілді. Бұрын соңды әжетхананың арнайы ашылуы болмағаннан кейін де ме бұған таңданысын жасыра алмағандар да жоқ емес. Бәрінен де бұрын таңдай қақтырғаны әжетхананы салуға жұмсалған қаражат болатын. Кішкене ғана әжетхананы салуға 3 140 000 теңге жұмсалыпты. Әлеуметтік желіде қызу талқылауға ұласқан әжетхана жыры әлі таусылар емес. Кішігірім үй салып алуға жететін қаражатқа әжетхана салғаны несі деп қарсы дау айтқандар да, дұрыс деп қолдаушылар да жетерлік. Бір бұл емес алдағы уақытта мұндай нысанның тағы да бірнешеуі салынбақ. Шалғайдағы аудан түгілі облыс орталығы Шымкентте де бүгінде қоғамдық әжетханалар жоқтың қасы. Тіпті саябақтардағы әжетханалар біреулерге күнкөріс көзі болып отыр. Ақысы да арзан емес. Бір жерлерде 30 теңге болса, енді бірінде судың қымбаттағынын сылтау еткендер одан да жоғары баға қоюда. Әжетхана салтанатты түрде ашылыпты деп әжуалайтындай емес, бүгінде осындай орындарды көбейтсе артықтық етпейтіні анық. Әрі тегін болса…
Мира Дәулетбаева