Бүгін Ғ. Әбдірахымовтың төрағалығымен әкімшіліктің кезекті жиыны өтті. Басқосуда Шымкент қаласындағы тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың жайы, құрылыс жұмыстарының барысы талқыға түсті. Тұрғын үй туралы қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тәжібай Егетаев есеп берді. Оның айтуынша, Шымкент қаласының құрылыс бөлімі 2016 жылы 60 нысанның құрылысын жүргізіп, 15 нысанды пайдалануға тапсырған. 2017 жылы бюджеттен 13,5 млрд. теңге қаржы қарастырылып, 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 11-і (558 пәтер) «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асады деп жоспарланған. Ал 1600 пəтерді құрайтын 13-і коммуналдық (арендалық) тұрғын үй бағдарламасымен пайдалануға берілетін болады. Бұған қоса, «Shymkent city» шағынауданында 9 қабатты 5 тұрғын үйдің (пәтер саны-270) құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Жиында кезекте тұрған азаматтарға пәтер беру мəселесі де қаралды. Ғ. Әбдірахымов баспанамен қамту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Қала басшысы құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлердің сапасын бақылау үшін арнайы комиссия құруды және «Шаңырақ» бағдарламасына ерекше көңіл бөлуге нұсқау берді. Сондай-ақ, қала әкімі жиында инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізу жұмыстарының атқарылу барысын ортаға салды. 2016 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 6,5 млрд теңге қаржы қарастырылып, Шымкент қаласы бойынша 12 инженерлік жүйенің құрылысы жүргізілген. Оның ішінде 3 нысан пайдалануға берілді. Тәжібай Дүйсенұлының баяндамасына сәйкес, 2017 жылы 9 нысанның құрылысына 5,4 млрд теңге қаралды.