«Жылы жүрек — жомарт қол». Қасиетті айды қадір тұтқан Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Жетісай қаласының жас кәсіпкерлері аз қамтылған отбасы балаларының жоғын түгендеді. Мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етті. Игі іске Мақтарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» ұйытқы болды. Мырзашөлдің мәрт жандары Тәңірдің бұйыртқан табысында жоқ-жітіктің ақысы бар екенін жақсы түсінеді. Тек атаулы күндерде ғана емес, күнделікті тұрмыста ас-суға мұқтаж аудан тұрғындарына қол ұшын беріп тұрады. Сондай жанның бірі — Серік Маралов. Бұл жолы атымтай азамат балғындардың қажетін өтеді. Құрбан айт — бай-бағланның жомарттығы сыналатын мейрам. Бұл күні жергілікті кәсіпкерлер тек төрт түліктен құрбан шалып қоймай, болашақ жаршыларына демеушілік жасады. Мектептерді арнайы аралап, мектеп киіміне мұқтаж оқушылардың тізімін жасады. Пайғамбар хадистеріне жүгінсек, алған қолдан, бергені — жақсы. Одан байдың дүниесі кемімейді. Рухани жағынан толығады. Игі ісі арқылы Тәңірге жақындайды. Берекелі аймақта қайырымдылық жасап, сансыз сауапқа кенелгендердің қатары көп болды.
САТТАР Есімбеков