«Егер сіздің бизнесіңіз интернетте болмаса – онда сіздің бизнесіңіз жоқ деген сөз» Б.Гейтс. Қазіргі таңда заманауи технологияның дамыған кезеңінде интернет ресурстарының мүмкіндігі туралы әңгімені айналып кете алмайсыз. Жаңа ғасыр тоғысында «Мәңгілік ел» құрамыз деген асқақ мақсаты бар елімізде заманауи ақпарат құралдарының алатын орны ерекше. Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты жолдауында «Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек» деп айтқан болатын.
Заманауи ақпарат құралдарын тілге тиек еткенде біз алдымен интернет ресурстары: әлеуметтік желілер, жеке блогтар мен блог-платформалар төңірегінде айтамыз. Қазіргі таңда дәстүрлі құндылықтарымызды сақтап қалуда, оны дәріптеуде ақпарат құралдарындағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болып тұр. Таяу шығыс елдерінде орын алып жатқан саяси тұрақсыздық, әлемнің басқа да мемлекеттерінде орын алған түрлі оқиғалар біздің ақпараттық қауіпсіздік саласында қамданып, ақпарат кеңістігінде «етек-жеңін» жинақтауын талап етіп отыр. 2012 жылы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңында «Ақпараттық қауiпсiздiк – елдің орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсіздігі қамтамасыз етілетін, ақпарат саласындағы нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен мүдделерiнің, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі» деп жазылған екен. Бүгінгі таңда ұлттық қауіпсіздік пен қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан ауқымды шараның бірі «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» болып отыр. Қоғамдағы діни ахуал туралы айта бастасақ біз бірінші «діни сауатсыздық» мәселесін көтереміз. Қоғамның, оның ішіне жастардың діни сауатының төмен болуының салдарынан осындай жағдай орын алып отыр деп топшылаймыз. Бірақ сол жастарымыздың қандай ақпараттармен сусындап жатқанын анықтап, талдау жасалу саласы өте төмен деңгейде жүргізіліп келеді. Интернетті ашып, кез-келген діни ақпарат іздей қалсаңыз бірінші кереғар бағыттағы діни сайттардың мәліметі алдыңнан шыға келеді. Ал діннен хабары аз адамның кез-келген ақпаратты сүзгімен қабылдай алатынына кепілдік бар ма? Бұл тұрғыда біз жастарды кінәлай алмаймыз. Өйткені интернет ресурстарынжа жат пиғылды уағыздайтын ақпараттық сайттар өте көп. Ал, оның орнын ауыстыратын дәстүрлі бағыттағы ақпарат таратушы сайттар санаулы-ақ. Сондықтан да алдымен отбасында діни тәрбие беру мәселесі дұрыс жолға қойылуы керек.
Ұлы ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанған Әл Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп айтып кеткен екен. Бұл сөз өз маңыздылығын осы заманда да жойған жоқ. Әлеуметтік желімен берілген діни білім – адамзаттың қас жауына айналып жатқанынының куәсі болудамыз. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым: «Қазіргі таңда ядролық қарудан да қауіпті нәрсе бар, ол сөз» деген еді бір пікірінде. Біз діни экстремизм мәселесін шешуде басты назарға алатын нысан заманауи ақпарат құралдарынан діни білім алудағы қауіпсіздік мәселелері болып отыр. Ақпараттық технологияның дамыған дәуірінде қоғамда халықты қажетті ақпараттармен қаруландырып тұрмасаң, тобырлық сананың жетегіне еріп кету оп-оңай екенін көзбен көріп, куәсі болдық. Түрлі ағымның жетегіне әкетуде тиімді құралдың бірі әлеуметтік желілер болып отыр. Қазіргі таңда теріс пиғылды діни ағымдар әлеуметтік желілер арқылы өз уағыздарын ашықтан-ашық жүргізуде. Дінге байланысты тақырыптар өте қызу талқыға кетеді. Оның ішінде дін маманы бар, діни сауаты таяз адамдар барлығы шетінен өзімдікі дұрыстан тайынбайды. Осыны оқып отырған жастардың санасы сан-саққа бөлінеді. Сондықтанда қоғамда дінтанушы мамандардың рөлін көтеріп, діни ағарту жұмыстарында оңтайлы қызмет атқаруына мүмкіндікті барынша арттыру керек.
Ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде негізгі рөл атқаратын нәрсе «ақпараттық иммунитет» қалыптастыру болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастырудың негізгі құралы ретінде «Дінтану» курсы өзекті бола түседі. Уақыт талабына сай аталмыш пән қазіргі таңда жаңарту мен толықтыруды қажет етеді. Әсіресе, әлемдік діндер мен дәстүрлі емес діни ағымдар туралы обьективті мәліметтер берумен қоса діни экстремизм туралы, оның белгілері мен ғаламтордағы көріністері секілді күрделі бөліммен толықтырылуы қажет.
Тәуелсіздікке қол жеткізу қандай күрделі болса, оны ұстап тұру одан да күрделі бола түспек. Елдің болашағын мемлекеттік деңгейдегі жауапкершілікпен сезіну әрбір өскелең ұрпақтың мойнындағы парызы. Соған қарайда қоғамның, жастардың діни сауаттарын артыру арқылы мемлекетіміздің ынтымағына, бірлігіне жұмыс істейтін рухани «ішкі сүзгіні» қалыпқа келтіру ең маңызды жұмыс болып есептеледі.
Дарын Керімбеков
ОҚО ішкі саясат және дін істері
басқармасының «Әлеуметтік бастамалар
орталығы» МКМ маманы