Созақта аудан көлемінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Санитарлық тазалықты сақтап, аудан аумағын көгалдандыру мақсатында ұйымдастырылған сенбілікке аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері белсенділікпен атсалысты.
150-ге жуық қызметкер «Жасыл белдеу» аумағына жұмылдырылды. Аумақтың көлемі 2,7 шақырымға артып, онда 3000-нан аса көшет егілді. Алдағы уақытта тағы 4000-нан астам тал егіліп, ұлғайған аумақ арнайы шарбақтармен қоршалады.
«Жасыл белдеу» аумағына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков көгалдандыруға қатысты жұмыстардың басында болды. Жауаптыларға егілген тал көшеттерін күтіп-баптауға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, аталған сенбілікте саябақтар, ішкі көшелер мен үлкен жолдардың бойын, әлеуметтік нысандардың аулаларын қоқыс қалдықтарынан тазартып, талдардың түптерін әктеу шаралары да қоса қамтылды.