Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ақ-бұлақ» облыстық балалар оңалту орталығы денсаулығында кінәраты бар балаларды сауықтыруға арналған. Мұнда 3 жастан 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 175 төсек орын бар Оның 85-і неврологиялық және 90-ы ортопедиялық болып табылады.
Дертіне дауа іздеген бүлдіршіндер осында оңалту курсынан өтеді. Аталмыш орталық Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданындағы Қарағашты ауылында орналасқан. Табиғаты тұнып тұрған, әсем жерде орналасқан орталыққа келушілер көп. Оңалту орталығында жуырда емдік дене шынықтыру кабинеті, ойнау бөлмелері, әнтерапия және ойынтерапиялық бөлмелер жасақталды. Мұның бәрі де науқас балалардың дертіне шипа болары анық. Емдік шаралардан бөлек, дамыту орталықтарының да көмегі көп болары сөзсіз. Бұдан бөлек, арнайы мектеп кабинеттерін орталық ұжымы өздері безендіріп, бір бөлмеге телескоп қойып, аспан ғаламшарларымен көркемдеп шықты. Бұл өз кезегінде бала қиялын шарықтатып, түрлі арман мақсаттарының оянуына септесері анық. Мұнымен ғана шектеліп қалмай ұжым мүшелері бір кісідей атсалысып, білім көтеруге арналған мектеп кабинеттерін жасақтап, ЛФК бөлмесі, ұлттық нақышта безендірілген бөлмелер жасақтап шықты.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында мүгедектігі бар 11 мыңға жуық бала диспансерлік есепте тұрады. Соның 30 пайызын жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан ерекше балалар құрайды. Оларға өңірде 4 оңалту, 3 қамқорлық орталығы қызмет көрсетеді. Соның бірі – «Ақ-бұлақ” облыстық балалар оңалту орталығы. Мұнда келіп ем алатын балалардың ата-аналары орталық ұжымына алғыстан басқа айтары жоқ. Дертті балалардың дертіне шипа боларлықтай барлық жағдай жасалған. Балалардың дамуына арналған арнайы бөлмелер де жасақталған.