Ана мен бала денсаулығының сақшылары яғни, акушерлер бүгінде осы салада аянбай тер төгіп жүр. Олардың жанкешті еңбегі қандай мақтауыңызға да лайық. Қазақстанда бүгінде 9 000-нан астам акушер еңбек етеді. Олар жыл сайын 500 мыңға жуық жүкті әйелге білікті медициналық көмек көрсетеді, бұл жүктіліктің қалыпты ағымын, сондай-ақ босану кезінде және босанғаннан кейінгі кезеңде қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етеді.
Қазақстанда жүкті әйелдерді медициналық персоналдың пренаталдық бақылаумен қамтуы 99 пайызды құрайды. Қазіргі таңда елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала туылады, бұл туудың жоғары деңгейі болып саналады. Ал ең көп сәби Түркістан облысында дүниеге келеді. Яғни, елімізде туылған әрбір төртінші сәби Түркістан топырағына тиесілі. Расында да балағынан бала саулаған түркістандық аналар бүгінде көштің алдын бермей тұр. Өңірде тәулігіне 150-ге жуық бала дүниеге келеді. Түркістан облысы бала туу көрсеткішінен республика бойынша бірінші орында тұр. Дүние есігін ашқан сәбилердің 60 пайызы ұл болса, 40 пайызы қыз. Жалпы облыс аймағында үш облыстық перинаталдық орталық бар. Ал, аудандарда 22 перзентхана бөлімі жұмыс істейді.
Түркістан облыс орталығына айналғалы бері демографиялық өсім 2 есеге ұлғайған. 2 миллионнан аса тұрғыны бар өңірде соңғы 5 жылда 237 762 сәби дүниеге келген. Бұл — жылына 60 мыңға жуық бөпе туылады деген сөз. Ал биыл, яғни жыл басынан бергі 6 айда 26 мың 706 нәресте жарық дүние есігін ашыпты.
Сонымен қатар Түркістан облысы — елімізде үшем туу көрсеткіші бойынша да алдыңғы қатарда. Соңғы 5 айда 59 отбасы егіз балалы болса, 2 отбасында үшем туылған. Бұл — аяулы аналардың рухани астананың демографиялық дамуына қосқан үлесі.
Жаңа жыл қарсаңында республиканың перзентханаларында 191 сәби, 101 ұл және 90 қыз дүниеге келді.Мереке түнінде туған нәрестелердің ең көп саны Түркістан облысында тіркелді – 38 бала, екінші орында – Шымкент қаласында 23 бала дүниеге келді және Алматыда 22 отбасы толығуды атап өтті. Өз кезегінде Түркістан облысында ана мен бала денсаулығын нығайтуда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесі деуге болады. Облыстағы денсаулық сақтау саласы бойынша дәл осы салада ілгерілеушілік бар.