Түркістан облысына қарасты Ордабасы аудандық орталық ауруханасында Инсульт денсаулық мектебі бар. Аталмыш кабинетте қауіпті аурудың алдын алу тақырыбында түрлі іс шаралар ұйымдастырылып тұрады. Жуырда аурухана невропатолог дәрігері Б.Срайл «Инсульттың алдын алу» бойынша емханаға келген қаралушыларға ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді.
Семинарды өткізудегі негізгі мақсат — инсульт ауруының алдын алу шаралары туралы, яғни қандай жағдайда Инсульт ауруы пайда болады, белгілері, дұрыс тамақтану, дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдану, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы жөнінде ақпараттандыру болып табылады.
Семинарда дәрігер Б.Сраил инсульт ми тамырларының ең қауіпті ауруларының бірі екенін, оның ауыр зардаптарға, соның ішінде сөйлеу қабілетінің бұзылуына, сал ауруына, тіпті өлімге әкелетінін айтты. Ол қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті, холестериннің жоғарылауы, кейбір жүрек-қан тамырлары аурулары, сондай-ақ темекі шегу мен физикалық белсенділіктің болмауы сияқты инсульттің қауіп факторларын білу маңызды екенін атап өтті.
Дәрігер темекі шегу, алкогольді ішу сияқты жаман әдеттерден бас тарту, дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысу, қан қысымын бақылау, дұрыс тамақтану арқылы инсульттің алдын алуға болатынын айтты. Пациенттер денсаулықтарын қалай бақылауға болатыны, бас миының қан тамырларындағы ықтимал проблемаларды уақтылы анықтау үшін қандай сынақтардан өту керектігі туралы ұсыныстар алды. Сондай-ақ дәрігер семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, инсультке күдік туындаған жағдайда қандай шаралар қолдану керектігін түсіндірді.
Осылайша, инсульттің алдын алу бойынша ақпараттық жұмыстар сәтті жүргізіліп, науқастар денсаулықтарын сақтау және ауыр асқынулардың алдын алу үшін қажетті білім мен ұсыныстар алды. Сабақ соңында семинар тыңдаушылар дәрігерге қызықтырған сұрақтарын қойып қанағаттанарлық жауабын алды.