Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық орталық аурухана ұжымы аймақтағы тұрғындардың денсаулығын басты назарда ұстайды. Оның ішінде жасы ұлғайған қарияларды, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің үйіне барып, емдеуді қолға алған.
Жуырда ауданындағы Жаңабазар елді мекенінің тұрғыны ауданның мақтанышы Ұлы отан соғысының ардагері 102 жастағы Жүзеев Исабай қарияның үйіне барып, толық медициналық тексеруден өткізді. Ұлы отан соғысының ардагері 1944-1945 жылдары Германияда Ордер өзенінің бойындағы көптеген қалаларды азат етуге қатысқан. Берлин қаласында соғысты, Эльба өзеніне дейін жетті. «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді қолға алғаны ушін», медальдарымен және мерекелік медальдармен марапатталған.
Жүзеев Исабай ақсақалдың шаңырағына Қазығұрт орталық аурухана ұжымы 9 мамыр Ұлы жеңіс мерекесіне орай арнайы барып жағдайымен танысып, мерекемен құттықтап, батасын алып қайтты. Соғыс ардагерінің денсаулығын тексеру мақсатында невропатолог, лор, окулист, уролог, жалпы тәжірибелі дәрігері барып, медициналық кеңес беріп қана қоймай, диагностикалық тексеру жүргізді. Электрокардиогрфияға түсіріп, қан қысымы өлшенді. Дәрігерлер ақсақалдың денсаулығына риза екендіктерін білдіріп, оның белсенді өмір салтын ұстанғанына жоғары баға берді. Жүзеев Исабай ақсақал медицина қызметкерлерінің назары мен қамқорлығына дән риза болды. Ол тексеруден өткені үшін алғысын білдіріп, барлық дәрігерлерге денсаулық пен қажырлы еңбектеріне табыс тіледі.
Аурухана ұжымы да қарияға ұжым атынан сыйлықтар беріп, Жеңіс күнімен құттықтады. Жүзеев Исабайдың ерлігі мен жанқиярлығы ешқашан ұмытылмайтынын еске салған кездесу жылы, достық жағдайда өтті. Бұл ардагерді медициналық тексеруден өткізіп қана қоймай, оған қамқорлық пен құрмет көрсетуге мүмкіндік берген тамаша оқиға болды. Ардагер Жузеев Исабай ақсақал көтеріңкі көңіл күй сыйлаған аурухана басшылығы мен ұжымына тілек алғыстарын жеткізді.