Бүгінде түркістандық дәрігерлер шетелдерге барып, білімдерін жетілдіріп жүргені белгілі. Одан бөлек, шетелдік білікті мамандар, мықты профессорлар келіп, тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарын өткізуде. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастауымен 9-10 маусым күндері Түлкібас ауданында «Зәр шығару жүйесінің туа біткен және жүре пайда болған патологияларынын емдеудің инновациялық әдістері» тақырыбында шеберлік сағаты өтті.
Семинарға облыстағы түрлі емдеу мекемелерінің мамандары, оның ішінде жетекші уролог, нефролог, педиатрлар қатысты. Шара барысында балалар мен ересектердегі зәр шығару жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері талқыланды. Мамандар жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, соңғы технологиялар мен емдеу әдістерімен таныстырып, күрделі клиникалық жағдайларды талқылады. Тәжірибелік шеберлік сабақтары және жаңа медициналық құрылғылар мен жабдықтардың көрсетілімі өткізілді. Семинарға қатысушылар зәр шығару жүйесінің патологиясы бар науқастарды емдеудің оңтайлы әдістері бойынша пікір алмасып, сұрақтар қойып, ұсыныстар ала алды. Іс-шара оң пікірлерге ие болды және ұйымдастырушылар мен қатысушылар тарапынан сәтті өтті деп бағаланды.
Түлкібас аудандық орталық ауруханасында балалар хирургиясы мен урологиясы бейініндегі дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған шараға Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласындағы «Медикал Парк» клиникасынан профессор Шейхмус Керем Өзел қатысты. Профессор Озел өз баяндамасында балалар хирургиясы мен урологиясы саласындағы соңғы жетістіктер мен технологияларға шолу жасап, іс-шараға қатысушылармен тәжірибесі мен білімімен бөлісті. Түрлі мекеме, емхана дәрігерлері осындай тәжірибелі маманнан құнды кеңестер алғанына бек қуанып қалды. Презентациядан кейін профессор Озел балаларды хирургиялық емдеудің соңғы әдістері бойынша жаңа технологияларды іс жүзінде қолдануды көрсете отырып, шеберлік сыныбын өткізді. Іс-шараға қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, педиатриялық науқастармен жұмыс істеудің түрлі аспектілерін талқылады. Іс-шара қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, ұсынылған ақпараттың пайдалылығы мен өзектілігін атап өтті. Профессор Озел Түркия мен Қазақстан дәрігерлері арасында балалар хирургиясы мен урологиясы саласында одан әрі ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға сенім білдірді.
Алғашқы күні бұл іс-шараны басқарма басшысының «Ана мен бала денсаулығын қорғау ісі» жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы М.Мамбетова және Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Е.Орманов ашып беріп, сәттілік тіледі. Іс-шараға облыстың өңірлерінен және Шымкент қаласының қалалық және облыстық балалар ауруханасынан келген хирургтар мен урологтар қатысты. Жиын соңында қатысқан мамандарға арнайы сертификаттар табысталды.
Шеберлік сағатына қатысқан барлық дәрігерлер өздері үшін өте пайдалы ақпараттарға қанықты. Ең бастысы шеберлік сағаты барысында бірнеше ота түрлері жасалды. Атап айтқанда, қуық-зәрағар рефлюксіне-видеоцистоскоп арқылы гель енгізу, гипоспадия асқынуын емдеу, крипторхизм асқынуын емдеу бойынша ота жасалды. Одан бөлек балалар урологиясы, фетальды хирургия тақырыбында презентациялар жасалып, оталардың видеолары көрсетілді. Қандай ота түрінде қалай жасау қажеттігі туралы барлық нұсқаулықтар көрсетілді. Осы салаға қатысты түрлі сұрақтар қойылды. Мамандар асқан біліктілікпен пайдалы жауаптар берді. Түркістан облысының әр аудандарынан келген 22 балаға кеңес берілді. Олардың арасында осы патологияға қатысты көмекке мұқтаж балалар келген болатын.
Бұл семинар қатысушылар үшін өте пайдалы болды, өйткені балалар урологиясындағы соңғы емдеу әдістері мен операцияларымен танысуға мүмкіндік алды. Түркістан облысының шалғай аудандарынан келген балалар үшін жүргізілген кеңестер де олардың қажетті медициналық көмек алуына мүмкіндік туғызатын маңызды сәт болды. Жалпы іс-шара сәтті және барлық семинар қатысушылары үшін пайдалы болды.
Шетелдік мамандардың қатысуымен өткізілетін мұндай шеберлік сабақтарының негізгі мақсаты – жетекші балалар хирургтарының, урологтарының, бөлім басшыларының күш-жігерін біріктіру, тәжірибе алмасу және жаңа технологиялармен танысу болып табылады. Мұндай шеберлік сағаты соңғы енгізіліп жатқан жаңалықтарды, инновацияларды, үрдістерді және мәселелерді, соның ішінде ұйымдастырушылық және технологиялық мәселелерді талқылауға арналған пәнаралық платформаны ұсынды. Сондай-ақ мұндай іс-шаралар балаларға медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және емдеудің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, бірлескен жұмыс және тәжірибе алмасу жаңа серіктестіктерді құруға және кәсіби қоғамдастықтың нығаюына ықпал етеді. Сондықтан мұндай іс-шаралар балалар хирургиясы мен урологиясын дамытуда, сондай-ақ осы сала мамандарының біліктілігін арттыруда маңызды рөл атқарады.