
фото САӘБҚ
Білікті ұстаз — білімді ұрпақ негізі. Түркістан облысында 1 мыңнан астам мектеп директоры бар. Әрқайсысы мектептің абыройын асырып, бала тәрбиесіне, білім беру ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі еңбектеніп жүрген, жаңашыл көшбасшылар.
Солардың бірі де, бірегейі — Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №61 жалпы білім беретін мектебінің директоры «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Үздіксіз ізденіс жолы мен өмір бойы оқуды мақсат тұтқан Әсел Арапова 2024 жылы 23 желтоқсандағы шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының шешімімен «Болашақ» стипендиясын жеңіп алды.
Әсел Әбдірахымқызы Сарыағаш ауданындағы 400 жылдан аса тарихы бар ұстаздар династиясында дүниеге келген. Ең алғаш еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлық академиясында оқытушы болып бастады. 22 жыл бойы педагогика саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз 2016 жылдың 10 қазан күні аудандағы №3 М.Ломоносов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры қызметіне тағайындалады. Сондай-ақ, «Білім-инновация лицейлерінің» құндылықтарға негізделген тәрбие жұмысын және олимпиадалық резерв тобымен жұмыс жасау жүйесін, 20-дан аса ұлт өкілдері оқитын мектеп оқушылары арасында толеранттылықты және ата-аналарымен ынтымақтастықты арттыру мақсатында НЗМ-нің «Шаңырақ», «Әке өндірісіндегі бір күн», «TEDx» т.б. жобаларын мектептің оқу-тәрбие жұмысына ендірді. Ол арқылы өзі басқарып отырған мектептің Сарыағаш ауданындағы жетекші және үздік мектептердің қатарынан көрінуіне ықпал жасайды. Мектеп оқушыларының аудандық пән олимпиадасы қорытындысы бойынша «№3 М.Ломоносов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» ең үздік мектептер қатарынан көрініп, әр жылы 20-ға жуық олимпиада жүлдегерлерін дайындады.
2024 жылдың 19 тамызында Әсел Арапова ҚР Білім және ғылым министрінің №57 бұйрығы негізінде Сарыағаш қаласындағы №61 мектепке ротацияланды. Білікті басшы бұл ұжымның да оқу-тәрбие үдерісіне инновацияны ендіру арқылы мұғалімдердің іс-тәжірибелерін зерттеу дағдыларын, оқушылардың оқу мотивацияларын арттыру, бірлескен іс-әрекет арқылы әріптестік қолдау жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
Ендігі кезекте сарыағаштық мектеп директоры 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап әлемнің үздік жоғары оқу орны АҚШ-тың California State University Chico университетінде білім алып, 1 жыл ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды.