
Фото: time.kz

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігімен (аса ірі мөлшерде пара алу), 28-бабының 4-бөлігі 367-бабының 4-бөлігімен (аса ірі мөлшерде пара беруге айдап салу), 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен, қызмет бабын пайдалана отырып, бірнеше рет аса ірі мөлшерде жымқыру), 218-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) айыпталған Д.-ға және ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1), 2) тармақтарымен (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен, қызмет бабын пайдаланып, мөлшерде жымқыру) айыпталған Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы Д., салалық министрлікте лауазымды тұлға бола тұра, 2016-2023 жылдар аралығында, жәбірленуші Д.-ны алдау және сенімін теріс пайдалану жолымен, соңғының білім саласындағы бизнесіне қамқоршылық жасау арқылы көмектесуге уәде беріп, бірнеше рет ақшасын алған. Алаяқтық жолмен алған ақша 124 млн. теңгеден асады.
Сотталушы Д. Шымкент қаласының аумағында жеке меншік жалпы білім беретін мектеп соғып, оны пайдалануға тапсырған. Осылайша сотталушы Д. қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырған.
Сотталушы Т. 2021 жылы сотталушы Д.-ның өтініші бойынша жәбірленуші Д.-ға қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдап беремін деп Шымкент қаласының аумағында алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен жәбірленушіден 10 млн. теңге ақша қаражатын алған.
Сотталушылардың кінәсі, олардың ішінара мойындап берген жауаптарымен, жәбірленушінің және куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, сот сараптамаларының тұжырымдарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен дәлелденеді.
Прокурор жарыс сөзінде айыптаудың Д.-ға қатысты ірі мөлшерде пара алу және пара беруге айдап салу бөлігінен бас тартты.
Нәтижесінде, прокурор Д.-ны ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, 218-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен кінәлі деп танып, оны бас бостандығынан айыруды сұрады.
Т.-ны ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танып, оған осы баппен 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуді сұрады.
Сотталушылар әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауына байланысты өздерін ақтауды сұрады.
Сот, сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың асыруында жас балаларының болуын, ал ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмысты кәсіби антын бұза отырып жасағандарын назарға алды.
Сот Д.-ны ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, 218-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен кінәлі деп танып, жазаларды ішінара қосу арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығымен, оған түпкілікті мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Т.-ны ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасының Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 3-бөлігінің 1) тармағының талаптарына сәйкес, Т.-ға тағайындалған жаза мерзімінің 1/3 бөлігі қысқартылып, оған түпкілікті 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Жеке меншік жалпы білім беру мектебі жер телімімен бірге мемлекет пайдасына тәркіленген. Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылды, оның пайдасына Д.-тан 67,4 млн. теңге өндірілді. Үкім заңды күшіне енбеген.