
фото ТОӘБҚ
Түркістан облысының әкімдігі түлектердің жоғары білімге қол жеткізуіне қолдау білдіріп келеді. Облыс әкімдігінің бюджеті есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын» орналастыру мақсатында «Woosong» университетіне оқуға түсу үшін 100 балаға арнайы грант бөлінді.
«Woosong» білім қорының ресми сайты арқылы жалпы 400-ден астам абитуриент құжат тапсырды. Өңірімізден бөлек, Өзбекстан Республикасынан және еліміздің барлық облыстарынан құжаттар енгізілді. Аталған құжаттарды іріктеу және сұхбаттасу тікелей Корей өкілдігі тарапынан жүргізілді.
Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлының қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Жауапты салалардың басқарма басшыларынан құрылған комиссияға 242 түлектің құжаттары ұсынылды.
– Түркістан облысының Әкімдігі мен Корей Республикасының «Woosong» білім қоры арасында Түркістан қаласында «Woosong» университетінің ақпараттық технологиялар саласында «Вусонг Университеті Қазақстан» жоғары оқу орнын құру туралы келісім жасалып, 2024 жылдың 1 сәуірінде ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бүгінде «Вусонг Университеті Қазақстан» ЖШС ретінде тіркеліп, тамыз айында жоғары оқу орны ретінде лицензия иеленді. Білім қоры тарапынан аталған жоғары оқу орнына 14 профессорлық құрам жасақталды. Болашақта «Woosong-Turkistan» университетінің 3 немесе 4 курс студенттері біліктілік талаптарына сәйкес халықаралық тәжірибе ала алады. Бұл бағдарламада студенттерге Корей еліндегі «Woosong» университетінде немесе оның серіктес университеттерінде бір немесе екі семестр оқуға мүмкіндік беріледі, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Айта кетейік, «Woosong» университетінде екі жыл оқығаннан кейін студенттер қос диплом бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алады. Бұл бағдарламада талапкерлерге Корей еліндегі «Woosong» университетінде немесе оның серіктес университеттерінде білім алып, және оқуын аяқтаған соң екі елдің дипломын ала алады.