
фото ТОӨКҚ
Бұл туралы брифингте Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Нұрбек Садықов мәлімдеді.
«Түркістан облысында 2025 жылдың І жартыжылдығында қоршаған ортаны қорғау саласында 43 нысанға бақылау шаралары жүрді. Анықталған заң бұзушылықтарға әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде іс қозғалып, жеке және заңды тұлғалардан жалпы сомасы 506,7 млн теңгеге 358 әкімшілік айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, облыс көлемінде заңсыз карьерлерді анықтау, зерттеп-қарау, мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 247 дерегі анықталып, 97 жеке тұлғаға барлығы 3,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бұдан бөлек, «Геопортал» жүйесі арқылы Түркістан облысының аумағында тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды заңсыз қалдырудың 114 орны анықталып, оның 84-і жойылды. Биыл өңірде электр энергиясын үнемдеу мақсатында халықаралық «Жер сағаты» республикалық экологиялық акциялары өткізілді. Экологиялық акцияларға барлығы 732 мыңнан аса адам қатысып, 4352 техника жұмылдырылып, 12 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды. Бүгінгі күнге облыс көлемінде 509 мың дана ағаш көшеттері отырғызылды. Қазіргі таңда өңірде жоғары ластану, экстремалды жоғары ластану және қолайсыз метрологиялық жағдайлар тіркелмеген»,- деді спикер.
Нұрбек Қыдырәліұлының сөзінше, су көздерінің ластануын бақылау бойынша облыстағы Машат, Келес, Бадам, Арыс, Ленгір және трансшекаралық Сырдария өзенінен жалпы 47 сынама алынып, 450 анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жоғары және өте жоғары ластану жағдайлары анықталмаған. Сонымен қатар, топырақтың ластануы бойынша 32 топырақ сынамалары алынып, 75 анықтау жұмыстары жүргізілген.