фото ТОӘБҚ
Түркістан облысы, Арыс қаласында соңғы жылдары жасыл желекті көбейту бағытында тың тәсілдер қолданылуда. Соның жарқын мысалы – қалада арнайы тұқымбақтың құрылуы. Бұл бастама қазіргі таңда тек Арысқа ғана емес, облыс көлеміне үлгі болып отыр.
Қалалық тұқымбақта бүгінде 200 мыңнан астам түрлі ағаш көшеті өсірілуде. Олар алдағы күзгі және көктемгі ағаш егу маусымында қала аумағына отырғызуға толық дайын. Ең басты артықшылығы – көшеттердің сырттан әкелінбеуі. «Жасыл Арыс» КММ-нің мамандары қалада өскен ересек ағаштардан ұрық жинап, оны сұрыптап, тұқымбаққа отырғызады. Осылайша табиғи жолмен алмасу үздіксіз жүріп жатыр.
Арыстың топырағы мен климатына бейімделген көшеттер небары 1-2 жылда өсіп, қала көшелеріне отырғызуға жарамды хәлге келеді. Бұл тәсіл өнімділігімен де ерекшеленуде: жерсіндіру көрсеткіші – 95 пайыз.
Қазір жасыл желекке жауапты қызметкерлер қалада өскен сабын тал, арша және боз арша секілді ағаштардың ұрықтарын жинауға кірісіп кеткен. Әрбір піскен тұқым сұрыпталып, арнайы технология бойынша тұқымбаққа егіледі.
Мамандардың айтуынша, табиғи сұрыптау арқылы көбейтілген көшеттер сырттан тасымалданатын ағаштарға қарағанда төзімді, күтімі жеңіл әрі өсімі жоғары.
Арыста енгізілген бұл тәжірибе бүгінгі таңда облыста баламасы жоқ жоба ретінде бағаланып отыр. Жас көшеттерді өз жерінде өсіріп, табиғи жолмен жерсіндіру – қаланың экологиялық ахуалына да, бюджет тиімділігіне де оң ықпал етуде.
