Сурет авторлары: Ақыл Абдихадиров пен Ғани Назарбек
Түркістан өңіріне көктемнің алғашқы лебі сезілді. «Сырдария-Түркістан» өңірлік мемлекеттік табиғи паркі аумағында көктемнің жаршысы саналатын наурызек құсы қайта оралып, даланы әсем әнге бөледі. Табиғаттың тамырына қан жүгіріп, айнала ерекше бір жылылыққа бөленгендей.
Қыстың ызғары толық сейілмей жатып-ақ бәйшешек пен дестегүл бүр жарып, қазжуа мен өзге де нәзік гүлдер жер-ананың қойнынан қылтиып шыға бастады. Әдетте наурыз айында қауыз ашатын гүлдердің биыл ақпанның жартысында-ақ бой көрсетуі – табиғаттың тосын сыйы іспетті. Жыл құстары да туған жерін сағына жетіп, көктемнің келгенін сүйіншілеп тұрғандай.
Мамандардың айтуынша, бұл құбылыстар – Түркістан өңіріне көктемнің ерте келгенінің айқын белгісі. Расында да, күннің шуағы жұмсарып, самал желдің лебі мейірімге толғанда, көктем дәл осы қасиетті өңірден бастау алатындай әсер қалдырады.
Көктем – жаңару мен үміттің, шуақ пен шаттықтың мезгілі. Ал сол шуақты мезгіл Түркістан өңірінен басталады.
