фото ТОӘБҚ
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жаңа оқу жылына қабылдау науқаны ресми түрде 2026 жылғы 1 сәуірден басталды. Биыл талапкерлер үшін маңызды өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер қарастырылған.
Құжат қабылдау процесі admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады және 1 маусымға дейін жалғасады. Яғни үміткерлердің тіркеліп, өтініш беруіне небәрі екі ай уақыт берілген. Бұл талапкерлерден жылдам әрі нақты шешім қабылдауды талап етеді.
2026–2027 оқу жылында мемлекеттік білім беру гранттарының саны айтарлықтай артты. Егер бұрын магистратураға 120 грант бөлінсе, биыл олардың саны 200-ге дейін көбейген. Ал докторантураға 12 грант қарастырылған. Сонымен қатар үміткерлердің функционалдық еңбек өтілін бағалау үшін арнайы комиссия құрылмақ.
Биыл Академия 15 білім беру бағдарламасы бойынша қабылдау жүргізеді. Олардың қатарында жаңа бағыттар да бар. Атап айтқанда, «ML-Құқық», «EMBA – Іскерлік әкімшілендіру» және «DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» бағдарламалары алғаш рет ұсынылып отыр. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару саласындағы заманауи талаптарға жауап береді.
Білім беру бағдарламаларының құрылымында да бірқатар өзгерістер енгізілген. «Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар» және «Экономика» бағыттары ғылыми-педагогикалық бағдарға ауыстырылып, оқу мерзімі 1,5 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды. Ал «Адами ресурстарды басқару» бағдарламасы «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» болып жаңартылып, оқу ұзақтығы 1 жылдан 1,5 жылға дейін көбейтілді.
