Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық тестілеу залында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған тестілеу барысында, азамат А.-ның орнына азамат С. тест тапсырмақшы болған.
Алайда, тестілеу әкімшісі тарапынан аталған азаматты жеке куәлігімен сәйкестендіру барысында байқап, Тестілеу ережесін бұзғандығы туралы акт түзіліп, тестілеу залынан шығарылды.Зерделеу барысында, азамат С. Қазығұрт ауданы әкімдігінің Тұрбат ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маман әскери есеп столы инспекторы лауазымында қызмет атқаратын Е.С.Санабаев екендігі анықталған. Осыған байланысты, Департамент тарапынан Қазығұрт ауданы әкімдігінің Тұрбат ауылдық округі әкімі аппаратына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметшінің іссапарға шыққандығы туралы құжаттары рәсімделмеген, сәйкесінше табельге сол күні Е.С.Санабаевқа 8 сағат жұмыста болғаны туралы белгі қойылған. Мемлекеттік қызметшінің ісі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, Е.С.Санабаевтың тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды.Сонымен қатар, Қазығұрт ауданының Тұрбат ауылдық округі әкімі Е.Исакұловтың да заңнама талаптарын бұзып, аппарат қызметшінің еңбек тәртібін сақтауын қадағаламағаны үшін тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды. Айта кету керек, Е.Санабаевтың іс-әрекетіне процесуалдық шешім қабылдау үшін, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
министрлігінің ОҚО департаменті