Бүгін Оңтүстік Қазақстанда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 пайдалы іс» республикалық акциясы өтті. ОҚО әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері облыстық психоневрологиялық интернатына барып, балаларға арналған демалыс бөлмелерін жабдықтауға атсалысып, балаларға базарлық жасады. Атап айтқанда, акцияға қатысушылар ондағы екі демалыс бөлмесіне жиһаз жасатып, толықтай жабдықтауға 450 мың теңгенің сертификатын табыстаса, балаларға ойыншықтар мен киімдер, кілем, жөргек заттары мен кітаптар таратып, барлығы 1 млн.ға жуық теңгенің көмегі көрсетілді. Комиссия мүшелері, мұнан бөлек, интернаттың жазғы уақыттағы абаттандыру жұмыстарына да қол ұшын созбақ. Ал мекемеде емделетін балалардың облыстың көрікті жерлерін аралауы үшін облыстық жас туристер станциясының ұжымы көмек көрсететін болды.
Айта кетейік, іргетасы 1967 жылы қаланған облыстық психоневрологиялық интернатында 1,5 – 18 жас аралығындағы психоневрологиялық аурулары бар мүмкіндігі шектеулі балалар емделеді. Онда науқастарға арнаулы қызметтердің 8 түрі көрсетіледі. Жалпы, «25 пайдалы іс» қайырымдылық акциясы бастауын алғалы облыстың барлық аудан, қалаларында аталған шара жалғасын тауып, оған 3,5 мың адам қатысты. Жыл соңына дейін мұндай қайырымдылық акциялары жалғасын тауып, ұйымдастырылады деп күтілуде.