“Қайғылы Қаңтар” Қазақстанның әрі қарай қарқынды дамып, ел жағдайының түзелуіне мұрындық бола ма? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселелерді топтастырып, халыққа оны жіті тексеріп шешуге уәде берді. Ең бірінші қадамды елбасының жақын-туыстарын қызметтерінен босатудан бастады. Осы жайында “Адырна” тілшісіне Әміржан Қосанов пікір білдірген еді. -Жайлы орындарды жайлаған экс-президенттің жақын-туыстары біртіндеп мансаттарынан айырылуда. Бұл ненің нышаны? Әміржан Қосанов: Жаман нышан емес! Егер де бұл президент Тоқаевтың ескімен біржолата ат құйрығын кесісіп, елде осы күнге дейін үстемдік еткен бір отбасының монополиясынан құтылу мақсатындағы батыл әрекет болса, қос қолыммен қолдаймын. Бұл, сонымен бірге, екінші президенттің тұңғыш президенттің орынсыз ықпалынан құтылуының басы болар еді. Бірақ, бір монополияның орнына өзінің, Тоқаевтың отбасы, дос-жарандары және тағы басқа жақындарының монополиясын орнату жоспары болса, оған үзілді-кесілді қарсымын! Басқа сөзбен айтқанда, бізге «екінші Назарбаев» керек емес! ”Адырна” ұлттық порталы