Атырау тұрғыны 18 жастағы, мүгедектігі бар баласын полиция қызметкерлері ұрып-соққанын мәлімдеді. 18 жастағы Артур Қожаниязовты полиция басқармасынан жедел жәрдем көлігі алып кеткен, деп хабарлайды Экспресс К. Оның демікпесі бар. Артур жиі ауа жетпей қалып, қиналады. ІІ топ мүгедектігін алған оған сол күні кезекті жәрдемақысы түсіп, Атырау қаласының орталығында орналасқан сауда үйіне барып, дәрі-дәрмегін алмақ болады. «Баламды сауда үйінің алдында полиция қызметкерлері ұстап, құжаттарын сұраған. Артур жеке куәлігі мен мүгедек куәлігін көрсеткен. Полиция қызметкері одан ұялы телефонын беруді сұрағанда, балам бас тартқан. Осы кезде оның қолынан ұстап, қасындағы досы екеуін қалалық полиция басқармасына әкеткен. Көлікте ұлымды ұра бастаған», — дейді Артурдың әкесі Серік Қожаниязов. Заң бойынша, жеке тұлғаның ұялы телефонын тек сот қаулысымен алуға болады және жеке заттарды алу жөніндегі хаттама толтырылуы керек. Алайда полиция қызметкерлері бұл заңды ұмытқан сыңайлы. «Ұлымның қолын артқа қайырып, басын жерге қаратып, бесінше қабатқа әкелген. Баспалдақта ұлым басын көтерген кезде, желке тұсынан автоматпен ұрады. Кейін оның күртешесін шешіп, жерге отырғызып, ұра бастаған. Баламның қиналғаны соншалықты, айғайлап жіберіпті. Ол өзінің демікпесі бар екенін айты, құжатын көрсеткенде, сержант оның жалған құжат екенін айтып, тағы да ұра бастаған», — дейді әкесі. Сержант мүгедек балаға егер де ыңырсуын қоймаса, оны қалалық полиция басқармасының ішінде атып тастайтынын айтқан. Сондай-ақ Артурды ұрып-соққан сержант оның жәрдемақысын, яғни 30 мың теңгесін ұрлап кеткен көрінеді. Баламның әлі құрып, қиналып жатқанын көрген досы жедел жәрдем шақыртқан. Артурды ауруханаға алып бара жатқанын маған осы досы айтты. Әйтпесе, ол жерде баламды өлтіріп қоятын еді, — дейді Серік Қожаниязов. Артур Қожаниязовты Атырау қалалық полиция басқармасынан облыстық ауруханаға апарғанын қалалық жедел жәрдем станциясындағылар растап отыр. 2003 жылы туған азамат Артур Қожаниязовтың денесі құрысып, кеуде тұсы жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілді, — деді Экспресс К тілшісіне жедел жәрдем станциясындағылар. Оң жақ кеуде тұсы ауырып, жарақаттанған. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ем тағайындалып, үйіне жіберілді, — деді облыстық аурухананың баспасөз қызметіндегілер. Ауруханадан шыққан Артур әкесімен қалалық полиция басқармасына барып, заттарын алып кетпек болғанда, мүгедек бала өзін азаптаған сержантты танып қояды. Мені не үшін азаптап, қорлағанын білмеймін. Көшеден ұстап алып кетті де, ұрып-соқты. Қандай күдікпен ұстағандарын да айтпады. Енді үйде ем алып жатырмын — дейді Артур Қожаниязов. Жәбірленуші облыстық прокуратура мен қалалық полиция басқармасына арыз жазған. Бірақ олар «Қарға қарғаның көзін шұқымайдыға салып», істің әділ тергелетініне сенбейді. Бұл іс бойынша Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Нәтижесі қосымша хабарланады, — деді облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер. Экспресс К осыған дейін Атырауда жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен 497 тұрғын ұсталғанын хабарлаған болатын.