Биыл 170 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді, деп хабарлайды Sputnik. Білім және ғылым министрлігі соңғы қоңырау мерекелік шарасында мұғалімдерге гүл сыйлауға болатынын айтты. Ведомство гүл сыйлау жақсы дәстүр деп санайды. БҒМ баспасөз қызметінің ақпаратынша, соңғы қоңырау дәстүр бойынша 25 мамырда соғылады. Биыл 170 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады. «Биыл эпидемиологиялық жағдай мектеппен қоштасу мерекесін өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда ол міндетті түрде мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы керек. Білім беру ұйымдары барлық қажетті ұсыныс пен нұсқауды алды», — деді БҒМ мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова. Айтуынша, 2022 жылы елімізде 3,5 миллионнан астам оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. Ал «Алтын белгі» төсбелгісіне 8 139 түлек – үміткер. Сондай-ақ ол соңғы қоңырауда ұстаздарға гүл сыйлауға болатынын атап өтті. «Жыл сайын 1 қыркүйек немесе 25 мамыр қарсаңында қоғамда «Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма және бұл заңбұзушылық болып саналмай ма?» деген сұрақ туындайды. Біздің ұстанымымыз – иә, болады. Бұл жақсы дәстүр ғой», — деді Кәрімова. Білім министрлігі «ТҮЛЕК 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» бітіру іс-шараларын өткізу бойынша ұсыныстар әзірлеген. Республиканың барлық жалпы білім беретін мектебінде соңғы қоңырау мерекесін бір мезгілде өткізу жоспарланып отыр. Оған мектеп ұжымы, түлектер мен олардың ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, демеуші ұйымдардың, білім және ғылым министрлігі мен білім басқармаларының өкілдері қатыса алады. Мектеп бітіру кешін әр білім ошағы өзі өткізуі керек. Мектеп бітіру кештерінде не рұқсат етілмейді: аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, әртістерді, ақылы жеке студияларды шақыру; мерекелік дастархан жаю; жалға берілетін автокөліктермен қала (аудан) бойынша экскурсия өткізу; мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинау; мектеп бітіру кештерін ойын-сауық мекемелерінде ұйымдастыру. Аттестатты салтанатты түрде тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтеді.